Ресейдегі президент сайлауының Қазақстанға әсері қалай?

Ресейдегі президент сайлауының Қазақстанға әсері қалай?
26.03.2024 21:52
0
86
  Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Жуырда Ресейде 15-17 наурыз аралығында 3 күн бойы президент сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Владимир Путин жеңіске жетті. Бұл сайлауға әлем мемлекеттері көз тіккені жасырын емес. Ал Ресейдегі президент сайлауы Қазақстанға қалай әсер етті? Көрші елдегі сайлау рубль бағамына және Қазақстанға аударымдар көлеміне әсері қалай болды? Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы аз-кем шолу жасады,-деп хабарлайды “Politico” ақпараттық агенттігі. Алдымен, ҚР мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейдегі пікіріне тоқталсақ. «Ресейде өтетін президент сайлауы­ның біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені бар­шаға аян. Өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған. Барлық саладағы екіжақты ынтымақ­тас­­тық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоға­ры деңгейдегі саяси диалог қарқын­ды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуал­ға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұста­ны­мымен бүкіл әлем санасатыны жа­сырын емес. Бұл мемлекеттің қаты­суын­сыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық. Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады», - деген еді Қ.Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында. Ал халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың сөзінше, Ресейдегі сайлауға қатысты біздің билік Путиннің жеңіске жетуіне тілектес. «Путиннің билікте қалуын біздің мемлекетіміздегі саяси, әскери элитадағы азаматтар қалап отыр. Әрине, халық оны қаламайды. Бірақ біздің элитадағы Ресеймен экономикалық жағынан байланысты олигархтар қалап отыруы мүмкін. Өйткені біріншіден гарантия мәселесі бар. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыруға Путиннің де үлесі болды. Әрине, біз елдегі билікке таластың астарын толық түсінбейміз. Қаңтардан бір апта бұрын Санкт-Петербургта Путин, Тоқаев және Назарбаев кездесті ғой. Оның алдында екі апта бұрын Путин Қытай басшысы Симен телефон арқылы сөйлесті. Олардың арасында Қазақстанға байланысты не әңгіме болды, саудаласу болды ма? Бұл сұрақтың жауабын біз біле алмаймыз. Осындай жағдайдан кейін Ресейдің Қазақстанда ықпалы зор деп ойлаймын», - деді ол. Бұл ретте, экономистердің пайымдауынша, бүгінде рубльдің әлсіреуі басым, жаңа мобилизация толқыны қаупі ресейліктердің пана іздеуді күшейтуі мүмкін. Екі жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан украин-ресейлік қақтығыстың шиеленісуі Ресей экономикасын тығырыққа тіреуде. Ресейден көрші елдерге ақша аударымдары күрт азайып барады. РБК хабарлағандай, 2023 жылдың соңында Ресейден көршілес төрт елге (Қазақстан, Грузия, Армения және Қырғызстан) ақша аударымдарының көлемі 12%-ға қысқарған. 2023 жылы Ресейден Қазақстанға шамамен $237,6 млн жіберілген, ұл 2022 жылғы нәтижеден 69%-ға аз. Экономист Ерлан Ибрагимның айтуынша, Ресей Федерациясынан аударымдарға толық дерлік тыйым салынғандықтан, Ресейден ақша аударымдары азайды. Соңғы уақытқа дейін қазақстандық банктер ресейлік клиенттерге қандай да бір түрде қызмет көрсетуді жалғастырып келді. Алайда кейінгі санкциялардан кейін олар мүлдем тоқтап қалды. Енді бұл жерде банк картасын жеке ашу үшін ресейліктер Қазақстанға өздері келуі керек. Бұрынғыдай бұл сенімхат арқылы жүзеге аспайды. Хош. Сайлаудан кейін рубльге қандай болжам бар? Ресейде президент сайлауы жақындаған сайын Ресей рублінің айырбас бағамына қатысты кейінгі жағдай туралы әңгіме өзекті. Ерлан Ибрагимнің айтуынша, Ресей Федерациясының Украинадағы соғыс қимылдарының басталуымен рубль бағамы нарықтық жағдайда қалыптасуды тоқтатып, ресми түрде декларативті сипатқа ие болғандықтан, рубль бағамын болжау өте қиын. «Жалпы алғанда, әрине, тенденция құнсыздану, яғни рубльдің долларға шаққандағы құнсыздануы болады.Бірақ тез болжау қиын, өйткені қазірдің өзінде Ресей Федерациясының Орталық банкі айтқандай рубльдің нарықтық айырбас бағамы айтқан бағадан алыс. Экономиканың тұрақтылығын көрсету үшін кез келген ауытқуларды ұстап тұрудың дәстүрлі әдісі посткеңестік елдердің стандартты саяси технологиясы. Біз сайлаудан кейін күшті валюта бағамының күрт шегініп кеткенін өз мысалымыздан бірнеше рет көрдік. Валюта бағамының негізгі құрамдас бөлігі елдің экономикалық әл-ауқатының көрсеткіші. Қорғанысқа жұмсалатын орасан зор шығындарды және барлық экспорттың азаюын ескерсек, бұл жерде арифметика қарапайым. Статистиканы қалай бұрмалағанымен, валюта бағамы 100 және одан жоғарыға қайтады», - деді сарапшы. Айта кетейік, соғыс басталғалы Қазақстанға 146 мың ресейлік қоныс аударған. Бұл азаматтар таяуда өткен Ресейдегі президент сайлауында Қазақстан жерінде ашылған сайлау учаскелеріне барып дауыс берді. Отандық БАҚ-тың жазуынша, сайлау күндері Қазақстандағы Ресей азаматтары Ресейдің Астанадағы елшілігіндегі консул бөлімінде, Алматыдағы бас консулдық пен Өскемен және Оралдағы консул бөлімшелерінде дауыс берді. Алматыда Жандосов көшесіндегі консулдыққа түске дейін шамамен 1,5 мың адам келген. Ал Астанада кезек 500 метрге дейін жеткен. Тіпті әлеуметтік желіде ресейліктердің ұзын-сонар кезекке тұрған сәті түсірілген видео тарады. Ал кейін есейдің Қазақстандағы елшісі сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысқаны үшін ел билігіне алғыс білдірген еді.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или