"Ресей әлемнен оқшауланып барады": Ресей шынында да Қазақстанмен визалық режим орнатпақ па?

11.06.2025 16:12
0
1623
Коллаж POLITICO.KZ
Ресейдің миграциялық саясатындағы өзгерістер

Ресей шынында да Қазақстанмен визалық режим орнатпақ па?

7 маусымда еліміздің ақпараттық кеңістігінде Ресей Қазақстанмен визалық режим орнатпақ екен деген жаңалық тарады. Содан бері қазнетте талқылау жүріп жатыр. Басым бөлігі Кремльдің саясатына қатысты жағымсыз пікір екенін байқаймыз. 
Бұл сұраққа жауап беру үшін Ресейдің уәкілетті органдары таратқан ақпаратқа көз жүгірттік. Сондай-ақ көрші елдің БАҚ-ы жаңалықты қалай таратқанын білу үшін ақпараттық кеңістігін талдадық. 
Ресейдің миграциялық саясатында өзгеріс болатынын көрші елдің Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волк 30 мамырда Telegram арнасы арқылы хабарлаған. Оның сөзінше 30 маусымнан бастап шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың Ресейге келу және одан кету ережелері мен шарттарын бақылаудан өткізу бойынша эксперименттің екінші кезеңі басталады. Бұл бастама РФ Үкіметінің 07.11.2024 жылғы №1510 қаулысы негізінде жүзеге асып жатқан көрінеді. 
Енді Ресейге визасыз түрде келетін шетелдік азаматтар Ресейге барардан 72 сағат бұрын электронды өтініш беруі қажет. Егер шұғыл емдеу қажеттілігі, жақын туысының қайтыс болуы секілді себептер болса 4 сағат қалғанда өтініш беруге болады-мыс. Өтінішті RuID мобильді қосымшасын пайдалана отырып толтыру қажет екенін хабарлаған. 
Мұндай шектеу шаралары Ресейдегі миграциялық бақылауды жетілдіру мақсатында енгізіліп жатқан көрінеді. 
Бірақ мұнда тек Қазақстан азаматтарына шектеу қою туралы айтылмаған. 2025 жылғы 21 қаңтардағы жағдай бойынша Ресей 50-дей мемлекетпен визасыз режим орнатқан. Әрине әр мемлекетпен келісім әрқалай. Дегенмен миграциялық саясатты қаталдату тек Қазақстанға ғана арналған шара емес. 

Ресей әлемнен оқшауланып барады

Тіпті Ресейдің ішінде де бұл шарамен келіспейтіндер бар. Мысалы Ресейдің туроператорлар ассоциациясы миграциялық саясатты қаталдату елге келетін туристер санын азайтуы мүмкін екенін айтуда. Себебі өзге елдің азаматы мобильді қосымшаны қолдануда қиындыққа тап болу ықтималдығы басым дейді. 
Ал «Шекарасыз әлем» атты туризмдегі халықаралық ынтымақтастық қауымдастығы кеңесінің президенті Иван Введенский жаңа талаптар Қытайдан Ресейге туристердің келуін қиындатуы мүмкін екенін мәлімдеген. Оның сөзінше соңғы жылдары Қытайдан келетін туристер саны артқан. Алайда миграциялық өзгерістер олардың санын азайтуы мүмкін. 
Ресей мен Қытай арасында топтық визасыз режим туристер үшін арнайы енгізілген. Яғни екі елдің азаматтары туристік фирманың тізімімен ғана бір-біріне саяхаттай алады. Осы жерде Қазақстанның жетістігін атап өткен. Еліміз Қытаймен визасыз режимді енгізе алды. Яғни, Қазақстанның кез-келген азаматы көрші елге бара алады. Ал Ресей азаматтары тек саяхаттау мақсатында ғана Қытайға бару мүмкіндігіне ие.

Астана қандай позиция ұстануы қажет?

Біріншіден, көші-қон саясатын бақылауды күшейту әр суверенді елдің ішкі мәселесі. Миграциялық саясатты қаталдату әрекетттері Ресейдің ішкі мәселесі. Біз оған араласа алмаймыз. Тіпті сыни пікір айтудың өзі халықаралық құқыққа қайшы болар еді. 
Екіншіден, қазір әлеуметтік желіде Қазақстан да Ресей азаматтары үшін шектеу қойып, зеркальды жауап беруі керек деген пікір айтылуда. Бұл шара Ресей тек қазақстандықтарға ғана шектеу қойған жағдайда орынды болар еді. Біз жоғарыда миграциялық саясаттағы өзгеріс барлық визалық режим бар елдерге қатысты енгізілгенін атап өттік. Сондықтан қарама-қарсы шара қолдану дұрыс болмас. 
Ал енді Қазақстанның СІМ-ң ресми өкілі Айбек Смадияровтың осы мәселеге байланысты жауабын талдап көрейік. Зеркальды жауап беріле ме деген сұраққа:

«Біз бұл мәселені мұқият зерттеп жатырмыз. Бұл біздің мемлекеттік органдармен кеңесті талап етеді. Ресейге баратын Қазақстан азаматтары шекарадан өту бойынша жаңа талаптармен алдын ала танысуы керек. Бұл тосын сый болмауы және шекарада сұрақтар туындамас үшін қажет», - деп мәлімдеді.

Яғни оның жауабынан зеркальды әрекет болмайтынын байқаймыз. 
Оның сөзінше біздің кейбір БАҚ Ресейдің миграциялық талаптарын «визалық режим» деп дұрыс түсіндірмей жатыр. Біз де бұл пікірмен келісеміз. Себебі ақпаратты таратпай тұрып фактчекинг жасау қажет. Ол үшін алдымен кім таратты, соны қараған жөн. 
Дегенмен Қазақстан көрші елдің миграциялық саясатын зерттеуі де мүмкін. Бірақ біз секілді ашық мемлекетке дәл осы тәжірибе тиімді емес. Астана керісінше әлем елдерімен визасыз режим орнатуға, осылайша туристік ағынды арттыруға мүдделі. Бірақ көршінің цифрлық тіркеу тәжірибесін үйренуге болады. Бұл Қазақстанға келген шет елдік туристерге ыңғайлы болу үшін қажет. Мобильді қосымша арқылы өзіне керек ақпарат алуына жағдай жасаған жөн. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий