Ресей әскерін сынаған қазақстандық жазаға тартылды
Санкт-Петербург қаласының соты 52 жастағы Қазақстан азаматына қатысты үкім шығарды. Отандасымызға Ресей әскерінің беделіне нұқсан келтірді және қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Ленин аудандық сотының шешімімен Нұрлан Ақынжанов әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы сот отырысына қатыспаған. Судья оны кінәлі деп танып, 30 мың рубль көлемінде айыппұл арқалатты. Алайда жаза мұнымен шектелмеді – сот оны Ресей Федерациясының аумағынан мәжбүрлеп шығару туралы қаулы қабылдады.
Бұл оқиғаның алдында Ақынжановтың осыған ұқсас тағы бір әрекеті тіркелген екен. Биылғы қазан айында ол «Питер FM» радиостанциясына курьер кейпіне еніп, байқатпай кіруге тырысқан. Алайда ол кезде қырағы күзетшілер күдіктіні дер кезінде тоқтатып үлгерген көрінеді.
Дегенмен, қараша айының соңында, нақтырағы 30-ы күні кешкісін ол өз дегеніне жеткен. Қазақстандық азамат Санкт-Петербургтегі «Радио ШОК» станциясының студиясына баса көктеп кіріп, ешкімді менсінбестен жүргізушінің орнына жайғасқан.
Куәгерлердің айтуынша, студия ішінде нағыз дүрбелең басталған. Ақынжанов қызметкерлерден микрофон қосуды талап етіп, егер эфир берілмесе, ғимаратта жарылыс ұйымдастырамын деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Тікелей эфирге қосылу мүмкіндігіне ие болған сәтте, ол Украинадағы қарулы қақтығысты дереу тоқтатуға шақырып, көрші елдің әскери қимылдарын өткір сынға алған. Сонымен қатар, оның сөзінде Байқоңыр ғарыш айлағы, ядролық бомба және марқұм Евгений Пригожин туралы түсініксіз, бірізді емес тіркестер көп болғаны айтылады. Осы сөздері билік тарапынан «әскерді дискредитациялау» деп бағаланды.
Соңғы жаңалықтар