Ресей Қазақстанға 230 млрд жымқырған алаяқтарды беруден бас тартты

14.11.2025 11:47 Арман Ермеков
Ресей Қазақстанға 230 млрд жымқырған алаяқтарды беруден бас тартты
0
356
Фото: informburo.kz. Суретте: Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаев

Ресей Федерациясы "Азия Авто" компаниясының бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевты Қазақстанға экстрадициялаудан ресми түрде бас тартты. Бұл туралы Informburo.kz тілшісінің сауалына Қазақстанның Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп жазады POLITICO.KZ.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың сәуір айында Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаев Қазақстанда аса ірі көлемдегі алаяқтық және 230 млрд теңгеден астам ақшаны жымқыру фактілері бойынша сырттай сотталған болатын. Тергеу мәліметінше, автозауыт салуға арналған бұл ақшаны олар банк несиелерін өтеуден және салық төлеуден жалтару мақсатында ұрлаған.

Нәтижесінде Балушкин 9 жылға, Сағымбаев 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Екеуіне де 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Іс бойынша жәбірленушілер ретінде Jusan Bank (қазіргі Alatau City Bank) және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (бұрынғы Индустрия министрлігі) танылған.

Биыл маусым айында Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы бұл үкімді өзгеріссіз қалдырып, сотталушылардан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің пайдасына 115,98 млрд теңге материалдық залалды өндіріп алу туралы шешім шығарды. Келтірілген залалды өтеу есебіне аударылуы тиіс мүліктің тізбесі сот қаулысының 18 парағын алып жатыр.

Алайда, сотталғандарды елге қайтару мүмкін болмай тұр. Сот қаулысында қылмыстық қудалау органы экс-басшыларды Ресейден экстрадициялау шараларын қабылдағаны айтылған.

«Ресей Федерациясының құзыретті органдары Балушкин мен Сағымбаевты беруден, сондай-ақ Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи, Новосибирск және Краснодар аумағындағы олардың жылжымайтын мүлкіне тыйым салудан «Ресейдің қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіруі мүмкін» деген уәжбен бас тартты», – делінген ресми құжатта.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, мәселе заңнамалық кедергіге тіреліп тұр. Екі ел арасында 2002 жылғы «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» конвенция болғанымен, Ресей тарапы оны ратификациялау кезінде 109-бапты қолданбау құқығын өзінде қалдырған. Дәл осы бап шетелдік соттардың үкімдерін Ресейдің өз азаматтарына қатысты тану және орындау мәселесін реттейді.

Белгілі болғандай, Балушкин де, Сағымбаев та Қазақстан азаматтығынан айырылып, Ресей төлқұжатын алып үлгерген.

Дегенмен, Бас қадағалау органы екі тұлғаны іздеу тоқтатылмағанын атап өтті. Олар 2021 жылдың тамыз айынан бері халықаралық іздеуде. Егер сотталғандар басқа бір шет мемлекеттің аумағында анықталып, ұсталса, прокуратура оларды экстрадициялау жұмыстарын қайта жалғастырады. Ал залалды өндіріп алумен енді ҚР Әділет министрлігі айналысатын болады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий