Ресейлік сарапшы: "Тоқаев ашық айтып отыр"

Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов Украина мен Ресей басшыларының Қазақстанда ықтимал кездесуіне қатысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Сонымен, Путин мен Зеленскийдің басқосуы мүмкін жер ретінде Қазақстанның аты аталды. Рас, бұл ұсынысты әзірге тек Украина президенті айтты. Оның өзінде бұл ойды Нью-Йорктегі Fox News арнасына берген сұхбатында асығыс айта салғандай болды.
Зеленский: «Егер сіз Қазақстанда сияқты елде кездескіңіз келсе, біз дайынбыз», – деді.
Мұндай ойдың тууына оның Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі себеп болуы мүмкін.
Бұл кездесудің өзіндік маңызы зор. Өйткені, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішінде Ресеймен соғысып жатқан елдің басшысымен тікелей кездесуге небәрі үш мемлекеттің – Армения, Әзербайжан және Қазақстанның лидерлері ғана барды. Пашинян мен Зеленскийдің қай тілде сөйлескені белгісіз, бірақ Тоқаевтың ағылшынша тілдескені байқалды. Бұл бұрынғы кеңестік елдердің азаматтарына бір-бірімен орысша сөйлесу енді міндетті емес екенін аңғартатын сияқты.
Егер Путин мен Зеленскийдің кездесуі шын мәнінде өте қалса, Зеленскийдің ағылшын тілін таңдауы да ғажап емес. Тіпті, жанына аудармашы ертіп алып, украин тілінде сөйлесуді ұсынуы да мүмкін. Әрине, бұл тілге қатысты жайттар болғанымен, оның саяси астары да жоқ емес. Ендігі басты мәселе – Мәскеу мен Астананың бұл ұсынысқа қалай жауап беретінін бақылау.
Кремль болса, Путин мен Зеленскийдің саммитін Қазақстанда өткізу идеясына қатысты нақты жауап беруге әлі дайын емес секілді. Дмитрий Песков бұл сұраққа жауап беруден жалтарып, Путиннің Зеленскийді Мәскеуге шақырғанын, тіпті оған қауіпсіздік кепілдігін ұсынғанын еске салды. Әрине, бұл ұсыныс Киев үшін қорлықпен тең және қабылдауға келмейтін шарт еді. Себебі, бұл Украинаның Ресей алдында тізе бүккенін білдірер еді. Кремль мұны жақсы түсінеді, бірақ көздеген мақсаттары да сол болса керек. Киев ұсынған бірнеше әлемдік астанадан Мәскеу бас тартқан, енді міне, Киев те Мәскеудің ұсынысын қабылдамады. Олай болса, соғыс жалғаса береді деген сөз.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті де өз сөзін айтты. Оның айтқандарын негізгі үш ойға топтастыруға болады. Біріншіден, Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыста делдал емес және өзін ондай рөлде көрмейді.
Екіншіден, қазіргі таңда аумақтық мәселе ең басты әрі ең қиын тақырып болып тұр. Алайда, оны келіссөз үстелінде шешудің жолы көрінбейді. Себебі, бұл мәселеге Киев Русі, «аумақтық сыйлықтар», Украина мемлекеттілігі сияқты тарихи тақырыптар араласып, түрлі пікірлер айтылуда.
Үшіншіден, әскери қимылдар тоқтамайынша және күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша келіспеушіліктер сақталған жағдайда нақты нәтижеге үміттену шындыққа жанаспайтын әңгіме.
Соңында, егер қажеттілік туындап жатса, Қазақстан барлық деңгейдегі келіссөздер мен кездесулер өтетін орын ретінде «ізгі ниетті қызмет» көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Тоқаевтың ұстанымында екі маңызды жайтқа назар аударуға болады. Біріншісі «аумақтық сыйлықтар» туралы сөз қозғауы. Бұл кездейсоқ айтылмаған сияқты. Өйткені, осыдан бір-екі жыл бұрын Ресейдің ресми насихатында дәл осындай сөздер жиі қолданылған. Путиннің өзі КСРО ыдыраған кезде Ресейдің өз көршілеріне жасаған «сыйлықтарын» қайтарып алған жөн болар еді дегендей ой тастаған. Сол кезде Қазақстандағы көпшілік мұны елдің солтүстік өңірлеріне қатысты айтылған тұспал деп қабылдаған еді.
Екіншісі, Қасым-Жомарт Тоқаев ұрыс даласында бітім болмайынша, келіссөздердің нәтижесіз болатынын ашық айтып отыр. Қазіргі жағдайда соғысушы тараптардың бірі бітімге келуге дайын емес. Олар мұны екінші тарап әскери күшін нығайту үшін пайдаланады деп қауіптенеді. Сондықтан Астананы кездесу орны ретінде қарастыру идеясы әзірге жүзеге аспайтын секілді.
Осы оқиғалар аясында тағы бір жаңалық келді. Украинаның ұшқышсыз ұшақтарының Новороссийск қаласына жасаған шабуылы салдарынан Каспий құбыр консорциумының кеңсесі зақымданған. Дәл осы құбыр арқылы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың басым бөлігі Ресей аумағы арқылы Еуропаға тасымалданады. Осылайша, Қазақстан Еуропада болып жатқан соғыстың салдарын тікелей сезіне бастады.
Айта кетейік, Энергетика министрлігі Новороссийскідегі КТК кеңсесіне жасалған шабуыл Қазақстаннан шикізат экспортына кедергі келтірмегенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар





