Новороссийскідегі шабуыл: Қазақ мұнайының экспорты тоқтады ма?

Министрлік Новороссийскідегі жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Кеше, 24 қыркүйекте, Ресейдің Новороссийск қаласына украиналық дрондар шабуыл жасап, салдарынан Қазақстан мұнайын экспорттауда негізгі рөл атқаратын КТК (Каспий құбыр консорциумы) компаниясының кеңсесі зардап шекті. Бұл оқиғадан кейін көпшілікті "Қазақстан мұнайының шетелге тасымалы тоқтап қалмай ма?" деген сұрақ мазалай бастады.
Әңгіме неден басталды?
Новороссийск қаласына жасалған жаппай дрон шабуылы кезінде КТК кеңсесінен бөлек, тұрғын үйлер мен бір қонақүй де зақымданған. Жергілікті биліктің хабарлауынша, шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, сегіз адам жарақат алған. Осыдан кейін КТК кеңсесінің жұмысы уақытша тоқтатылды.
Айта кету керек, КТК құбыры – Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамын шетелге тасымалдайтын басты бағыт. Бұл құбыр Теңіз кен орнын Қара теңізбен байланыстырып, қара алтынды мыңдаған шақырымға жеткізеді. Консорциумның 19% акциясы Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" компаниясына тиесілі.
Энергетика министрлігі не дейді?
Оқиғадан кейін Қазақстанның Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Министрліктің хабарлауынша, Новороссийскідегі КТК кеңсесіне жасалған шабуыл Қазақстаннан шикізат экспортына кедергі келтірген жоқ.
"Қазіргі уақытта КТК-ның теңіз терминалы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау және тиеу штаттық режимде, яғни қалыпты жағдайда жалғасып жатыр. Құбырдың қазақстандық бөлігінде мұнайды қабылдауға ешқандай шектеу жоқ. Мекеме жедел ақпарат алу үшін консорциум акционерлерімен үнемі байланыста. Жағдай тұрақты бақылауда", — деп атап өтті министрлік.
Соңғы жаңалықтар





