Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелінің ағасы ұсталды
Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелінің ағасы Айдос Есполов 2 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.
ҚазТАГ дереккөздердің мәліметінше, Есполовты екі күн бұрын Астана қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамындағы Антикор қызметкерлері қолға түсірген. Тергеу органдары оны «Астана ЭКСПО-2017» жобасынан 2,2 миллиард теңгені жымқырды және ірі көлемде пара алды деген күдікпен тергеп жатыр.
Айдос Есполов – жай ғана шенеунік емес, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын шеңберіне қатысы бар тұлға. Ол Назарбаевтың бейресми үшінші әйелі саналатын Әсел Құрманбаеваның туған ағасы. Сондай-ақ, Есполов Еуразиялық технологиялық университеті мен «Alatau Asset Management Company» серіктестігінің құрылтайшысы ретінде белгілі.
Бұл есімнің қайтадан жаңалықтар легіне шығуы тегін емес. 2025 жылдың сәуір айында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне бөлінген қаржының жымқырылуына қатысты ескі жараның аузын ашқан болатын. Депутат ұлттық компания басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың деректеріне сүйене отырып, Есполовтың сол кезде қомақты көлемде пара алғанын, алайда тергеу құжаттарында тек анықталмаған тұлға ретінде ғана өткенін мәлімдеген еді.
Парламент қабырғасында айтылған ақпаратқа сүйенсек, Есполовтың қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетуіне сол кездегі ықпалды тұлғалар – үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен қаржы полициясын басқарған Қайрат Қожамжаров тікелей ықпал еткен көрінеді. Қазір Мәсімовтің Қаңтар оқиғасынан кейін темір торға қамалғаны, ал Қожамжаровтың тергеуде болғанымен, құқық қорғаушылардың қолы жетпейтін жерде жүргені көпшілікке аян.
Еске сала кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» дауы – ел тарихындағы ең ірі жемқорлық жанжалдарының бірі. Мемлекет қазынасынан 10 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырылып, нәтижесінде ұлттық компанияның сол кездегі басшысы Талғат Ермегияев 14 жылға сотталған болатын.
Ең қызығы, Айдос Есполовтың Назарбаевтар әулетімен байланысы тек Әсел Құрманбаевамен шектелмейді. Ол кезінде Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира Назарбаеваның күйеуі болған. Есполов Гүлмираның алғашқы некесінен туған ұлы Нұрсайынды өз атына жаздырып, асырап алған. Сонымен қатар, екеуінің ортақ некесінен Нұрболат есімді ұлдары бар.
Соңғы жаңалықтар