Ресейде екі қазақстандық 20 жылға сотталуы мүмкін
Ресейдің Ленинград облысында диверсия(мемлекетке, нысандарға немесе инфрақұрылымға әдейі зиян келтіруге бағытталған әрекет - ред.) жасады деген күдікке ілінген екі отандасымыз қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ломоносов аудандық соты таратқан ақпаратқа сүйенсек, ұсталғандар – Тараз қаласының тумалары. 2006 жылы туған екі жігіт Санкт-Петербургте тұрып келген. Олар ұялы байланыс мұнарасының электр қалқанын қасақана өртеді деп айыпталып отыр.
Тергеу мәліметінше, жас жігіттер қаржылық қиындыққа тап болып, тұрақты жұмыс таба алмаған. Кейін «кураторлардың» нұсқауымен 40 мың рубль (қазіргі бағаммен шамамен 260 мың теңге) сыйақы үшін осы қылмысқа барған.
Күдіктілер оқиға орнынан алысқа ұзап үлгермеген. Олар такси шақырып, қашып кетпек болған жерінен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қолға түсірді.
Қазір екі жігітке қатысты Ресей Қылмыстық кодексінің «Адамдар тобы жасаған диверсия» бабы бойынша іс қозғалды. Сот оларды тергеу аяқталғанша қамауда ұстау туралы шешім қабылдады. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, заң бойынша 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар