«Сәлем деп, қолымызды жүрек тұсына қойсақ»: Нұртөре Жүсіп барлық өңірде бірдей амандасуды ұсынды

13.07.2026 17:02 Қарақат АСЫЛОВА
«Сәлем деп, қолымызды жүрек тұсына қойсақ»: Нұртөре Жүсіп барлық өңірде бірдей амандасуды ұсынды
199
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Нұртөре Жүсіп «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында қазақ халқының үлкен мен кіші арасындағы сыйластық құндылықтарына тоқталып, пандемия кезіндегі денсаулық мәселесі сәлемдесу мәдениетіне де әсер еткенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Публицист бұл тақырыпты баспасөз бетінде де көтергенін айта келіп, біздің үлкенге құрмет жасап, кішіге ізетпен қарайтын ұлттың өкілі екенімізді, амандасу әдебі мен мәдениеті деген мәселе әсіресе денсаулыққа қауіп төніп тұрған кезеңдерде қатты байқалғанын және бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне арнайы мақала да жазғанын әңгімеледі.

«Біз — үлкенге құрмет жасап, кішіге ізетпен қарайтын ұлттың өкіліміз. Амандасу әдебі, амандасу мәдениеті деген мәселе, әсіресе денсаулыққа қауіп төніп тұрған кезеңдерде қатты байқалды. Мен бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне арнайы мақала да жаздым. Жиырма миллион Қазақстан халқының амандасу реті қандай болуы керек? Әсіресе, адам мен адам контактіге барып, алақанға алақан тигізбейтін, жұдырық түйістіріп амандасып жүрген уақытта қандай үлгі ұстанамыз? Одан кейін Қазақстанның көпэтносты ел екені белгілі. Қазақ халқының салтына, мәдениетіне өзгелерді де кіріктіру мақсатында, бір жағынан, ортақ амандасу үлгісін қалыптастырсақ деген нұсқа ұсындым. Мысалы, үлкендерге біз «Ассалаумағалейкум» деп сәлем береміз, қарияларға солай құрмет көрсетеміз. Ол дағдыны ешкім жойып тастамайды. Бірақ жалпы қоғам — өзіңіз айтқандай ашық қоғам. Бұл қоғамда бәрі амандасудан бастап, ортақ құндылықтарға бас біріктіретін кезең қазір туып тұр», — деді публицист.

Бұдан бөлек, автор күнделікті қолданыстағы сәлемдесу сөздерінің лингвистикалық ерекшеліктеріне талдау жасап, үлкен жиындар мен көпшілік орындарда уақыт пен тазалықты сақтаудың тиімді тәсілі ретінде ықшам үлгіні ұсынады. Ол жүрек тұсына қол қойып амандасудың қазірдің өзінде қоғамда қолдау тауып жатқанын мысалға келтіре отырып, «Ассалаумағалейкум» деген сөздің түбірінде де «сәлем» деген сөз жатқанын, ортақ бір нақтылық болу үшін «Сәлем» сөзін негізге алуды ұсынғанын, үлкен жиындарда жағалай қол алысу мүмкін емес уақытта қолын жүрек тұсына қойып сәлемдесудің ең ыңғайлы әрі барлық ұлт өкіліне түсінікті нұсқа екенін түсіндірді.

«Сол сәлемнің сәті — «Ассалаумағалейкум» деген сөздің түбірінде де «сәлем» деген сөз жатыр. Бізде қазір біреулер «Саламатсыз ба?», екіншілері «Сәлеметсіз бе?» дейді. Егер «Сәлеметсіз бе?» десе, сіз де «Сәлеметсіз бе?» дейсіз, ары қарай ешкім «Сәлеметпін» деп жауап бермейді. Осының бір орнықты жолы болсын деп, «Сәлем» деген сөзді негізге алсақ деп жазған едім. Үлкен ортаға, үлкен бір жиындарға келгенде жағалай барлық адаммен қол алысу мүмкін емес. Көшеде кетіп бара жатқанда танысыңды көрген кезде жүгіріп барып қол алып, беттен сүйісіп жататын кезеңдер де болған. Ал енді мынау қысқа нұсқа — барлық ұлттың өкіліне де анық: «Сәлем!» — «Сәлем!». Қолыңызды жүрек тұсына, кеудеңізге қойып, осылай сәлемдесіп өтсе, осы үлгіні алсақ қайтеді деген ұсыныс тастадым. Қазір менің өзімді көрген адамдар «Сәлем, сәлем!» деп осы қалыппен амандасып жататын жағдайлар бар», — деді Нұртөре Жүсіп.

Жазушы еліміздегі урбанизация үдерісі мен қала халқының, соның ішінде қазақтардың үлесі артып келе жатқанына тоқталды. Ол өңірлердегі өзге ұлт өкілдерінің де қазақша амандасуға қызығушылық танытып жүргенін айтып, бұл үрдісті мемлекеттік тілді төрге шығарудың таптырмас құралы ретінде пайдалану керектігін, егер осы сәлемдесу мәдениетін жастардың ортасында бастап, бір жолға түсіріп алсақ, амандасудың мемлекеттік тілдегі әдемі нұсқасын қайта қалыпқа келтіре алатынымызды шегелеп айтты.

«Бұл енді сәлемдесу жүйесін бір орнықтырып алу мақсатында айтылған ұсыныс болатын. Осы тұрғыдан алғанда, әлі күнге дейін кейде жиындарға барамыз, дастарқанда боламыз. Сондай жағдайда, мысалы, 10-15 адам дастарқан үстінде отырса, сырттан келген бір-екі адам жағалай қол алып шығады. Ол дәм үстінде отыр ғой. Соған енді жалпы «сәлем» немесе «сәлем бердік» деп амандасып қана қоя салса, ортақ бір мәдениет қалыптасар ма еді деген ойлар келеді. Өйткені амандасу, хал-жағдай сұрау — бұрын қазақ «Мал-жан аман ба?» деп бастайтын. Себебі, мал болған кезде жан сол малға тіреліп тұрған көшпелі өмірдің салты еді. Қазір енді қалаға урбанизация заманы жүріп жатыр, қалаға қазақтар көп қоныстанды. Міне, елорданың өзі — Астананың өзі қазақтың өз қолымен тұрғызылған, қазақтың үлес салмағы мол қала. Солтүстік өңірдегі жалпы мегаполистердің ішіндегі Алматы мен Шымкентке салыстырғанда біздің ұлтымыздың үлес салмағы басым түсіп келе жатыр. Жылына қазіргі соңғы деректер бойынша 300 мыңнан астам адам келіп орналасып, қоныстанып, жұмысқа тұрып, үмітін, арманын осы қаламен жалғастырып отыр. Енді осындай қалалар, барлық облыс орталықтарында да қазір қазақтардың қарасы көбейді. Өскемен, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстандағы Петропавл — бұл өңірлердің өзінде де қалаға қоныстанушы қазақтың қатары көбейді. Осы тұрғыдан алған кезде де, жалпы ары қарай мына әсіресе менің таныстарым, көршілерім, әріптестерім бар — өзге ұлттың адамдары. Солар сәлемдесудің жөнін қалай жасау керектігін сұрайды. Мысалы, «Армысыз» дейміз бе, «Ассалаумағалейкум» дейміз бе, «Саламатсыз ба?» немесе «Сәлеметсіз бе?» дейміз бе деп әрқайсысы сұрақ қояды. Соларға мен өзімнің осы ұсынысымды айтқанда, барлығы да құптап, жақсы қабылдады. Қазір осылай қабылдап отыр. Соны енді жастардың ортасында бастап, іліп алып кетіп, бір жолға түсіріп алсақ, біз амандасудың өзін, яғни мемлекеттік тілдегі бір әдемі нұсқасын қайта қалыпқа келтіріп алған болар едік», — деді Нұртөре Жүсіп.

Войдите, чтобы оставить комментарий