Алматыда мектептегі асханадан уланған 58 оқушы аман-есен ауруханадан шықты
Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына жатқызылған Республикалық физика-математика мектебінің барлық оқушысы толық емделіп, үйлеріне жіберілді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, 12 қазаннан бастап стационарға мектептің барлығы 58 тәрбиеленушісі түскен.
Дәрігерлер балаларға клиникалық хаттамаларға сай барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп, толыққанды ем-дом шараларын жүргізді. Денсаулығы жақсарған науқастардың соңғы легі ауруханадан аман-есен шығарылды.
Қазіргі уақытта инфекциялық стационарда РФММ оқушыларынан ешкім қалған жоқ, барлық баланың жағдайы қанағаттанарлық.
Айта кетейік, Республикалық физика-математика мектебінің 58 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Осы оқиғадан кейін санитариялық дәрігерлер мектеп асханасын тексерген. Оқушыларды тамақтандыруға жауапты «Master Food» ЖШС қызметінде азық-түлікті сақтау және тағам дайындау талаптарының бұзылғаны анықталған. Сонымен қатар сүт өнімдерінің бір бөлігінде қажетті құжаттар болмаған. Аталған өнімдерді айналымнан алып тастау туралы шешім қабылданған.
Дегенмен оқушылардың жаппай сырқаттануына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Мамандар зертханалық талдау үшін азық-түлік пен судан сынама алып, асханадағы түрлі беттерден шайынды жинаған. Сондай-ақ асхана қызметкерлері де тексеріліп жатыр.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеуді Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
Тексеру жұмыстары аяқталып, балалардың жаппай сырқаттану себебі анықталғанға дейін оқушылар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
Соңғы жаңалықтар