Сауда саласында кең етек жайған сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылмақ

Сауда саласында кең етек жайған сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылмақ
28.03.2024 12:43
0
92
Заңгер Диана Түменбаеваның түсіндіруінше, тауардың шығу-тегі нысанындағы сертификат соған ие тауардың Қазақстанда шығарылғанын растайды. Алайда бұл сертификат шын мәнінде көрші Ресейде немесе Қытайда өндірілген, тек елімізде "Қазақстанда жасалған" таңбасы басылған шетелдік тауарларға да беріліп кетпесіне еш кепіл жоқ. Отандық өндірушілер өздеріне арналған мемлекеттік сатып алуларда да көршілердің арзанқол өнімдеріне кезігетініне шағымданып жүр. Бұл ретте олардың бәрі тиісті сертификаттарды алып алған. Салаға жауапты Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті сарапшыларының айтуынша, қазіргі кезде "бармақ басты, көз қысты" жолмен сараптама актісін заңсыз ресімдеп, тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру арқылы шетелдік өнімдердің және адал емес, жосықсыз кәсіпкерлік субъектілерінің "мүдделерін лоббилеу жүзеге асырылуда".
"Сонымен қатар олар мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде мемлекет есебінен заңсыз преференцияларға қол жеткізеді. Атап айтқанда, кейбір жосықсыз сараптамалық ұйымдар сараптама кезінде тауардың шығу тегі критерийлерінің орындалуына, кәсіпкердің елімізде тиісті өндірісінің болуына және технологиялық процесіне жеткілікті тексерулер жүргізбейді. Бұл кәсіпорын өніміндегі қазақстандық мазмұн үлесі көрсеткіштерінің жалған болуына соқтырады", – деп ашығын айтты комитет сарапшылары.
Сорақысы сол, бұған биліктің өзі жол ашып берді. Жалған сараптама актілерін берген ұйымдарға қылмыстық түгіл, салмақты әкімшілік жаза қарастырылмаған. Ол ұйымдарды тәртіп танабынан шығармай ұстайтын қатаң нормативтік талаптар да жоқ болып шықты. Бұл жағдай жаға ұстатады. Мысалға, Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, қарапайым адам көшеде тауып алған не әлдеқалай қолға түсірген мөртаңбаны (печать), бланкіні, жалған құжатты, тіпті мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін пайдаланса немесе сатса, онда төрт жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Егер сараптамалық ұйым, сарапшы, арамза кәсіпкер СТ-KZ және индустриялық сертификаттарын қолдан жасап, сол арқылы көп миллиардтық бюджет қаржысын заңсыз иеленсе, ол үшін ештеңе болмайды.
"Осыған байланысты қазақстандық нарықтағы сараптамалық ұйымдарды тиімді мемлекеттік реттеуді және бақылауды қамтамасыз ету үшін олардың тауардың шығу тегіне сараптама жүргізу қызметін лицензиялауды енгізуді орынды деп санаймыз. Бұл шығу тегі туралы жалған және анық емес сараптама актілерін беру фактілерімен күрестің тиімділігіне игі ықпал ететін болады", – деп түсіндірді комитет өкілдері.
Тиісті ұсыныс сенаторлар бастамашы болған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілді. Ведомствоның дерегінше, 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда тауардың шығарылған елін анықтау сараптамасын жүзеге асыратын 73-ке жуық сараптамалық ұйым жұмыс істейді. Осы 73 ұйымда 563 сарапшы маман еңбек етеді. Бір ғана 2023 жылы олар 3 387 кәсіпкерлік нысанына тауарының отандық өнім екенін растап, сертификаттар ресімдеді. Бірақ Сауда министрлігі бұл санның толық, нақты еместігін ескертеді. Өйткені бір жағынан, сараптамалық ұйымдардың қызметі лицензияланбайтындықтан, екінші жағынан, олардың ортақ тізілім-реестрін жүргізу бойынша заңнамалық реттеудің болмауына байланысты "нақты деректерді ұсыну мүмкін емес". Сондай-ақ ведомство өзі білмейтін сараптамалық ұйымдардың болуы мүмкін екенін жасырмады. Оның үстіне 73 ұйымының ішінде қызметкерлерінің нақты саны бойынша тек 51-і ғана меморганға мәлімет берді. Қалған 22 сараптамалық ұйым үнсіз қалды, олардың құжатында 1 тұлға ғана көрсетілген. Шынында, оның кеңсесінде қанша сарапшы тауарлардың шығу тегін растап, тер төгіп жатқаны белгісіз. Бұл бизнес қарқынды дамуда. 2024 жылдың қаңтар айында ғана олардың қатарына 138 аттестатталған сарапшы-аудитор келіп қосылған. Қалай болғанда, табысы көл-көсір көрінеді. Бұдан олардың ресми төлеген салықтары хабар береді. Елімізде ресми жұмыс істейтін 73 эксперттік ұйым 2022 жылы 2 миллиард 363 миллион 818,8 мың теңге, 2023 жылдың І-жартыжылдығында – 1 миллиард 773 миллион 450,9 мың теңге салық төлеген. Яғни, табысына қарай салығы артты. Құзырлы органдарға көрсетпей, "өз адамдарына" сертификатты сөре астынан сатып жатқандардың көлеңкелі миллиардтарының көлемі белгісіз. Шенеуніктер сараптамалық ұйымдарды жоғары талаптармен қыстамайды: заңды тұлға ретінде тіркелсе және штатында бір эксперт-аудитор болса, жеткілікті. Сонымен бірге олардың ары қарайғы жұмысы бақыланбайды. Сауда министрлігінің түсіндіруінше, бұл аталған ұйымдарға экспертиза жасау кезінде өзімбілемдікке салынып, ойына келгенін істеуге, заңды аяқасты етуіне жан-жақты мүмкіндік береді. Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің ұстанымынша, тығырықтан шығарар жол бар. Біріншіден, тауарлардың шығу тегіне экспертиза жасау қызметі лицензияланып, заңнамалық реттеуге алынуға тиіс. Сонда ұйымдардың жұмысы бақыланады. Екіншіден, ұйымдарды есепке алып, ортақ тізілімін жүргізу қажет. Мәжіліс депутаттары лоббиге ұрынып, тосқауыл қоймаса, заң жобасын қабылдаса, ондағы талаптар барлық сараптамалық ұйымға, тауардың шығу тегін анықтаушы эксперт-аудиторларға таралатын болады. Тауардың шығу тегі туралы деректерді бұрмалағаны немесе дұрыс емес сараптама актілерін бергені үшін сарапшы-аудиторлардың және сараптамалық ұйымның лицензиясын алты ай мерзімге дейін тоқтата тұрып, 10-нан 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Елімізде осы салада тағы бір бетбұрыс жасалуда: тәуелсіздіктің өткен онжылдықтарында "отандық тауарды" анықтау үшін қолданылып келген СТ-КЗ және Индустриялық сертификаттар жойылып, орнына "Шығу тегі қазақстандық тауарлардың тізілім-реестрі" енгізіледі.
"Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында жаңа өнеркәсіптік саясатқа көшу, мықты өнеркәсіптік каркас пен экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету, қайта өнделуі жоғары кластерлерін құру міндетін қойды. Елдегі өндірістік циклды тұйықтауды және мемлекеттік қолдауды технологиялық күрделілік деңгейі бойынша саралауды тапсырды. Президент өнімдердің Қазақстанда жасалғанын растау тетіктерін қайта қарауға міндеттеді", – деп, Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Балықбаев бұл қадамның ел басшылығының тікелей тапсырмасымен жасалып отырғанын білдірді.
Ол қазіргі кезде отандық өндірушілерді негізінен мемлекеттік сатып алу аясында қолдау шаралары барына екпін түсірді. Мәселен, "Самұрық-Қазына" тендерлері, "СҚ-Фармация" компаниясының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұзақ мерзімді сатып алулары сияқтылар. Бұл жерде бизнес өкілдері СТ–KZ және Индустриялық сертификаттарын ұсынуы керек. Тек осы жағдайда ғана шығындары өтеледі. Үкімет бұл сертификаттардың заманы өтті деп отыр: олардың әрқайсысы өз кезеңінде отандық өндірушілерді қолдауда белгілі бір рөл атқарды.
"Алайда бүгінде бұл құралдардың әрқайсысының кемшіліктері анықталуда. Мәселен, аталған сертификаттар белгілі бір дәрежеде бір-бірін қайталайды, бұл өндірушілердің оларды алу шығындарының өсуіне әкеп соғады. Сараптамалық ұйымдарға олардың біліктілігі мен жауапкершілігін бекіту, салалық ерекшеліктерін растау тұрғысынан талаптар қойылмаған. Өндірісінің бар-жоғын тексеру талап етілмейді. Өндірісінің барын қашықтан растау үшін өзге жүйелермен интеграцияланған бірыңғай мемлекеттік ақпараттық база да жоқ", – деді вице-министр Қайрат Балықбаев.
Оның айтуынша, жаңадан құрылатын реестрге отандық өндірушілер туралы толыққанды мәліметтер енгізіледі. Мәселен, әрбір компанияның отандық өнімді шығаруы кезінде өндірісті локализациялау деңгейі, жергілікті мазмұнның үлесін жылдар бойынша кезең-кезеңмен арттыруы, уәкілетті орган бекіткен тауарларды өндіру шарттарын орындауы туралы және басқа ақпараттар көрсетіледі. Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік бақылау енгізіліп, оның барысында өндірістік орындарға, құрал-жабдықтарға белгіленген талаптардың орындалуы қадағаланбақ. Балықбаев аталған реестрге мәліметтері енгізілген өндірушілерге ғана мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатынын ескертті. Яғни, бұл тізілім тауардың қазақстандық шығу тегін растайтын жалғыз дереккөзге айналады. Тиісінше, қолданыстағы басқа реестрлерге, соның ішінде СҚ-Фармация, Самұрық-Қазына тізімдеріне, түрлі сертификаттарға қажеттілік жойылады. Бизнес оларға кіру үшін шығындайтын қаражатын үнемдейді. Қаптаған тізілімдерді қалыптастырып, үнемі жүргізуге жұмсалатын мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектордың шығыстары да азайтылады. Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе аясында кәсіпорындардың отандық өндірісін растау критерийлері цифрландырылады. Сараптамалар цифрлық форматқа көшіріледі. Салық, кеден және өзге мемлекеттік дерекқорлармен кірігу арқылы өтініштердегі мәліметтердің дұрыстығы тексеріліп, форматтық-логикалық бақылау жолға қойылмақ. Болашақта оның бәрін жасанды интеллект жүзеге асыра алар еді. Сауда министрлігі осы арқылы адами факторларға, салада кең етек жайған сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға ниетті. Ведомство сарапшыларының қолдауымен Сенат депутаттары жазған заң жобасын биылғы жылы қабылдау жоспарланып отыр.  
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или