Саясаткер: Өзбектер қара жұмыстан қашпайды, экономикасы әрдайым алда болады
Қоғам белсендісі Асхат Асылбеков отандық өндірістің кенже қалуы мен шикізат экспортына негізделген экономиканың салдары туралы пікір білдірді. Саясаткердің айтуынша, Қазақстан экономикасының импортқа тәуелділігі мен шикізаттық моделі елдің ұзақ мерзімді дамуына қауіп төндіреді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Асхат Асылбеков "Қасқа жол" арнасындағы сұқбатында әңгімеледі.
«Мысалы, сіз студияға телефон, микрофон сияқты құрылғыларды сатып алдыңыз. Олар қайда жасалған? Қазақстанда жасалмаған. Демек, біз халық ретінде тұтынушы болып, өзге елдің экономикасын дамытып отырмыз. Барлығы — импорт. Неге осы микрофонды, телефонды немесе үстелді Қазақстанда өндірмеске? Тіпті үстелдің материалдарының өзі шетелден әкелініп, бұл жерде тек кесіліп, құрастырылады. Сондай-ақ мына камера болсын, артымыздағы жасыл пластик гүл болсын — бәрі Қытайдан әкелінген тауарлар. Осылайша, біз өзге елдердің экономикасын өркендетіп жатырмыз. Ал бұл қаражат қайдан шығып жатыр? Ол — мұнайдан түсетін ақша. Ертең мұнай ақшасы таусылғанда, біз кедей мемлекетке айналамыз», — деді Асхат Асылбеков.
Адами капитал мен кәсіби дағдыларды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сарапшы аймақтағы көршілес елдердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі мен отандық қоғамдағы еңбекке көзқарасты салыстыра талдады.
«Осыдан 11-12 жыл бұрын мені бір университетке шақырған еді. Сонда студенттердің алдында сөйлегенде: «Өзбекстан азаматтары біздің елде құрылыста, огородта жұмыс істеп жүрсе де, олар өзінің кәсіби компетенциясын арттырып жатыр. Сантехник, тас қалаушы, құрылысшы ретінде тәжірибе жинап, дағдысын шыңдайды. Ал сіздер мұнайдан түскен ақшаға олардың еңбегін сатып алып, жеке басыңыздың компетенциясын дамытпайсыздар. Қазір бай сияқты өмір сүріп жатқандарыңызбен, ертең мұнай ақшасы таусылғанда, қолдарыңыздан ештеңе келмей қалады. Ал Өзбекстан мемлекеті дамып, ілгері кетеді», — деп айтқан едім. Қазір қарасаңыз, осы сөзім орындалып жатыр. Өзбекстан экономикасы қарқынды дамып келеді. Өзбек халқы — өте еңбекқор әрі әртүрлі салада жұмыс істеуге дайын. Тіпті психологиялық тұрғыдан да қара жұмыстан қашпайды. Ал біздің ауылдарда, жалақыны өсірсе де, мал бағатын адам табу қиын. Барлығы баласының қалаға барып, институт пен университет бітіріп, диплом алғанын қалайды», — деді сарапшы.
Өңірлердегі өңдеу өнеркәсібінің жағдайы мен Ұлттық қор активтерін басқару тиімділігі де сөз болды. Спикер ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ақсап тұрғанын мысалға келтіріп, «голланд ауруының» салдарларына тоқталды.
«Мысалы, мен бұрын Үржар деген ауылда тұрдым. Бұрын бізде сыр заводы, бірнеше колхоз бар еді. Қазір Үржарда сыр заводы да, ет комбинаты да жоқ. Бізден өсетін күнбағыс майы бірден Қытайға экспортталады, тіпті жергілікті халықтың өзі таза, органикалық күнбағыс майын ала алмайды. Мұнайдың ақшасы бізге сор болып жабысты. 1997 жылы «Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтында» жұмыс істегенде, елде «голланд ауруы» бар екені айтылған еді. Бұл құбылыс бізде әлі де сақталып отыр. Салыстырмалы түрде қарасақ, осыдан 30 жыл бұрын Норвегия мен Қазақстан дамуды бірдей деңгейде бастаған болатын. Біз Ұлттық қор құрдық, ал олар Тұрақтандыру қорын құрды. Қазіргі таңда Норвегияның Тұрақтандыру қорындағы қаражат 1 триллион доллардан асып кетті. Ол қордан әрбір Норвегия азаматына 30-40 мың доллардан пайда түседі. Ал біздің Ұлттық қордың қаражаты 60 миллиард доллардан аспай, бір көбейіп, бір азайып тұр. Демек, оны басқарып отырған үкіметтегі азаматтар тиімді саясат жүргізе алмай отыр», — деп түйіндеді Асхат Асылбеков.
Соңғы жаңалықтар