«Мен кінәлі емеспін»: Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша айыпталып жатқан әйел сотта сөйледі
Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязова мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) құжаттарын қалай қабылдағанын және үйдің техникалық ақауларынан бұрын хабарсыз болғанын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Жұбаниязованың сөзінше, ол аталған үйде отбасымен 2020 жылдан бері тұрып келеді. 2025 жылы МИБ-тің бұрынғы төрайымы Гүлжаухар Ахметова пәтерін сататын болып, үйге қатысты барлық құжатты оған шұғыл тапсырған. Оның айтуынша, бұрынғы төрайым үйдің жағдайы мінсіз екеніне сендірген.
"Ол құжаттарды маған шұғыл түрде кешкі сағат 22:00 шамасында тапсырды. Барлығы бес құжат болды. Олардың арасында кондоминиумға, бейнебақылауға, жаңа лифтіге қатысты келісімшарттар, мердігерлермен жасалған шарттар, техникалық паспорт және оның телнұсқасы болды. Ахметова құжаттарды тапсырған кезде үйдің жағдайы өте жақсы екенін, барлық жұмысты істеп қойғанын айтты. «Сен тек гүл егіп жүресің» деді", – деді айыпталушы.
Айыпталушы 2017 жылы үйге жүргізілген техникалық зерттеу қорытындысы туралы қасбет опырылып түскенге дейін мүлде білмегенін, тек апаттан кейін тұрғындар чатынан естіп, әкімдіктен сұратқанын жеткізді. Сотта қорғау тарабы бұл деректі дәлелдейтін өтінішхат түсіргенімен, судья жауаптың әлі ресми ұсынылмағанын айтып, оны қанағаттандырмады.
Сонымен қатар Жұбаниязова қазіргі уақытта үйдің қабырғаларында үлкен жарықтар пайда болып, тұрғын үйдің нағыз апатты жағдайда тұрғанын мәлімдеді.
"Құрметті соттан істің барлық мән-жайын анықтап, менің МИБ төрайымы болғаным мен осы қайғылы жағдайды ажыратып қарауды сұраймын. Мен бұл жағдайға кінәлі емеспін деп есептеймін. Мен тек осы үйді қабылдап, төрайым болғаным үшін балаларым мен анамның алдында өзімді кінәлі сезінемін. Балаларыма дені сау, бақытты, жанында жүрген ана керек. Сондықтан соттан істің барлық мән-жайын ескеріп, әділ үкім шығаруын сұраймын", – деп сөзін қорытындылады айыпталушы.
Соңғы жаңалықтар