Саясаттанушы: Тоқаев халықаралық қауымдастық үшін беделді көшбасшы болып қалуды көздеді

05.08.2026 14:17 Томирис САҒЫНДЫҚ
Саясаттанушы: Тоқаев халықаралық қауымдастық үшін беделді көшбасшы болып қалуды көздеді
102
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев төрт мемлекет президентінің ортақ қасиеттері, Ресейдің Орта Азия елдеріне тәуелділігінің артуы және оның неліктен «Шығысқа бұрылу» саясатын жүргізе алмай отырғаны туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Delfi Литва басылымына берген сұқбатында айтты.

«Си Цзиньпин, Тоқаев, Путин және Лукашенконы не біріктіреді? Бұлардың бәрі — автократиялық жүйеде қалыптасқан саясаткерлер. Осы тұрғыдан алғанда олардың көзқарасы өте ұқсас. Оның үстіне, олардың бәріне ортақ үрей де бар: ол — азаматтық қоғам мен белгілі бір саяси белсенділіктерден төнетін қауіп. Дегенмен, Украинада соғыс басталғанда Тоқаев ешқашан «екінші Лукашенко» болғысы келген жоқ. Ол халықаралық қауымдастық үшін беделді, барлық негізгі саяси ойыншылармен байланысын үзбейтін көшбасшы болып қалуды көздеді», — деді Досым Сәтпаев.

Ары қарай Досым Сәтпаев Президент Тоқаевтың неліктен бұл майданды тоқтатуға жан-жақты мүдделі болып отырғанын сараптап берді. Сарапшының айтуынша, Тоқаев халықаралық қауымдастықтан оқшауланып, оқшау саясат жүргізгісі келмейді.

«Шын мәнінде, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты өзгерген жоқ, бұған бәріміз куә болдық. Соңғы төрт жылда қаншама саммит өтті. Мен тіпті бір конференцияда: «Орталық Азия айналасында айттырғыш күйеу жігіттері көбейген бойжеткенге ұқсап қалды», — деп қалжыңдаған едім. Дәстүрлі өңірлік серіктес Ресейді айтпағанда, бұл қатарда Еуропалық Одақ, Қытай, Түркия, АҚШ, Парсы шығанағы елдері, Үндістан бар. Өте көп жоғары деңгейдегі кездесулер өтті, жақында ғана Жапониямен де саммит ұйымдастырылды. Осының өзі не себепті Тоқаевтың бір жағынан Украинадағы соғыс басталғалы Ресеймен тығыз қарым-қатынасты сақтап, Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарлармен жиі келуіне жағдай жасағанын түсіндіреді. Ал екінші жағынан, оның неліктен қазір ешкімге құпия емес, бәріне бұрыннан белгілі тезистерді жария еткенін ұғуға болады. Неге ол бұл ойды дәл қазір айтты? Себебі бұл қақтығыс Ресейдің мәлімдемелері тұрғысынан алғанда бақылаудан шығып бара жатыр. Ол Қазақстанға қазір де, болашақта да үлкен проблемалар тудырады. Сол себепті Тоқаев көптен бері ауада қалқып жүрген, жұрттың бәрі іштей түсініп отырған шындықты жай ғана дауыстап айтты», — деді саясаттанушы.

Сонымен бірге, Досым Сәтпаев Ресейдің дәл қазіргі геосаяси жағдайда Орталық Азиямен тату әрі тиімді байланысты ушықтырып алмас үшін Астанамен де, көршілес елдермен де ымыралы қатынасты ұстануға мәжбүр екенін атап өтті.

«Оның үстіне, Тоқаев бұл қадамға барғанда Мәскеудің Орталық Азия елдерімен берік қарым-қатынасты сақтауға өте мұқтаж екенін анық түсінген болуы мүмкін. Өйткені Украинадағы соғыс басталғалы Ресей өз бағытын Шығысқа, Қытайға бұрды, ал Орталық Азиясыз бұл «Шығысқа бұрылу» стратегиясын жүзеге асыру өте қиын. Содан да болсар, Тоқаев бұл мәлімдемесі үшін Кремль тарапынан қандай да бір ауыр салдарлар немесе теріс реакция болады деп қорыққан жоқ. Тіпті Песковтың өзі Қазақстан тарапының шамына тиіп кетпеу үшін бұл мәселеге қатысты өте жұмсақ пікір білдіруге мәжбүр болды», — деді Сәтпаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий