Семейдегі сүйінші хабар: жоғалып кеткен 11 жастағы Саяна Қадырғожина аман-есен табылды
Күні кеше Семейде үйірмеден шығып, жоғалып кеткен 11 жастағы Саяна Қадырғожина аман-есен табылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 2014 жылы туған қыз 3 қараша күні сағат 13:00 шамасында Севастопольская көшесі, 18 мекенжайындағы мектептегі үйірмеден шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Сол күні кешкі сағат 18:30 шамасында «102» арнасына Саянаның сабақтан кейін үйіне қайтпағаны туралы хабар түскен.
Оқушыны іздеуге қалалық полицияның барлық қызметтері мен 200-ден астам қызметкер дереу жұмылдырылды. Абай облысының полициясы тұрғындарды да іздеуге көмектесуге шақырған болатын.
Іздестіру жұмыстары мен бейнебақылау камералары арқылы қыздың әртүрлі көшелерде жүргені байқалған. Нәтижесінде, Фариза есімді жергілікті тұрғынның қырағылығының арқасында Саяна аман-есен табылып, үйіне жеткізілді.
Семей қаласы Полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев Фаризаға жеке алғысын білдіріп, мұндай мысалдар полиция мен тұрғындар арасындағы сенімнің маңыздылығын көрсететінін атап өтті. Қыздың ата-анасы мен туыстары да полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылықтарын білдірді.
Фариза полиция басшылығының арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Еске сала кетейік, жоғалған күні полиция тұрғындарды қызды іздеуге көмектесуге шақырған еді.
Соңғы жаңалықтар