Семейдің астындағы қазына Назарбаевтың бұрынғы көмекшісіне беріліпті

05.08.2026 13:14 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Семейдің астындағы қазына Назарбаевтың бұрынғы көмекшісіне беріліпті
276
Фото: Айдос Үкібай

Бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағында пайдалы қазбалардың бес кен орны анықталып, оның бірін игеру құқығы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы көмекшісі Махмұд Қасымбековке тиесілі компанияға берілді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Курсив басылымына сілтемемен.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл аумақтағы Шор мыс-молибден кен орнында қатты пайдалы қазбаларды өндіру құқығы басымдықпен «Шығыс Молибден» ЖШС-не табысталған. Бұл компанияның иесі бұрынғы президент кеңсесінің экс-басшысы Махмұд Қасымбеков болып табылады.

Одан бөлек полигон аумағында Болдыкөл және Байболат алтын кен орындары орналасқан. Болдыкөлді игеру құқығын аукцион жеңімпазы саналатын Бақытбек Нәбиевке тиесілі BKO SMART компаниясы алса, Байболат кен орны ағайынды Айбек пен Қуат Оразимандардың ZHAMBAS-PV серіктестігіне бұйырған. Оразимандар отбасы Каспий маңы ойпатындағы BNG келісімшарттық учаскесінде мұнай өндірумен айналысатын британиялық Caspian Sunrise компаниясында да үлеске ие.

Сондай-ақ аталған аймақта жалпы қоры 999 мың тоннаны құрайтын Есімжал марганец кен орны мен 4357 тонна қоры бар Қаражал бериллий кен орны мемлекеттік резервте тұр. Дегенмен ведомство өкілдері қазіргі таңда бұл аумақта тау-кен байыту комбинаттарын, қайта өңдеу кәсіпорындарын немесе өзге де өнеркәсіптік инфрақұрылымды салу жобалары туралы ақпарат жоқ екенін жеткізді. Оған қоса бұл кен орындарын игеруге салынатын инвестицияның алдын ала көлемі мен одан күтілетін экономикалық тиімділік туралы нақты деректер де түспеген.

Еске салайық, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы бұрынғы сынақтардың салдарынан нормадан тыс радиациялық ластануға ұшыраған және заңнамамен арнайы құқықтық режим белгіленген шектеулі аумақ саналады.

Войдите, чтобы оставить комментарий