Сенаттың бұрынғы депутаты Ақтоғай ауданына әкім болып тағайындалды
Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Ернұр Әйткенов Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының жаңа әкімі қызметіне кірісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның кандидатурасы Президент Әкімшілігі мен жергілікті мәслихат депутаттары тарапынан мақұлданып, облыс басшысының тиісті өкімі шыққан.
Жаңа басшыны ұжымға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов таныстырып, оған бірқатар нақты міндет жүктеді. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, Ернұр Әйткенов ауданға инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуы және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуы тиіс. Мұнымен қатар, биыл ауданда егіс алқабының көлемі 5,3 мың гектарға ұлғайғанын ескере отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударылмақ.
Жаңа әкімге жиналған өнімді сақтап қалу, жемшөп дайындау және егін жинау науқанын уақытылы әрі сапалы өткізу міндеті қойылды. Сондай-ақ әкімдік алдында 15 бюджеттік жобаны жүзеге асыру, Ақжол ауылындағы спорт кешенінің құрылысын аяқтау және алдағы жылу беру маусымына дайындалу міндеті тұр.
Әйткенов Ернұр деген кім?
Әйткенов Ернұр Нұрмұханұлы — 1965 жылы Павлодар облысы Май ауданындағы Жалтыр ауылында дүниеге келген. Ол Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын зооинженер мамандығы бойынша, ал кейіннен Инновациялық Еуразия университетін экономика және бизнес бағытында тәмамдаған. Еңбек жолын қатардағы зоотехник болып бастаған жаңа әкімнің мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары ол ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына жетекшілік етіп, кейіннен Май, Баянауыл, Аққулы және Тереңкөл аудандарын басқарған. Сонымен қатар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы және мәслихат хатшысы қызметтерін атқарды. Ал 2023 жылдан 2026 жылға дейін Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болды. Ерен еңбегі үшін ол «Құрмет» орденімен және бірнеше медальмен марапатталып, Май мен Баянауыл аудандарының құрметті азаматы атанған.
Айта кетейік, осы күндері Павлодар облысында басқа да бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Нақтырақ айтқанда, Аққулы ауданының әкімі болып Асқар Ажмұрат, Ақсу қаласының әкімі лауазымына Әнуарбек Аманов, ал Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы қызметіне Руслан Мұқанов тағайындалды.
Соңғы жаңалықтар