"Шарбақтан секірем деп, ағашқа ілінген": Шардарадағы оқушы өлімінің себебі аталды

31.10.2025 13:03 Мөлдір Талғат
0
335
pixabay.com

Шардара қаласындағы Қасым Аманжолов атындағы мектепте өткен аптада 5-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағы кезінде қайтыс болды. Оқиға бірінші тоқсанның соңғы сабағында болған.

11 жастағы Арнұр Көшербай сыныптастарымен бірге мектеп стадионына шыққан кезде қоршауға өрмелеп, секіріп түспек болған. Сол сәтте ол ағашқа соғылып, ауыр жарақат алған. Мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Қалдарбекованың айтуынша, бала құлағаннан кейін көзге көрінер жарақат болмағанымен, ұстаздар бірден жедел жәрдем шақырып, Арнұрды ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер тексеру барысында баланың қуық тұсы қатты зақымданғанын анықтап, шұғыл ота жасаған. Алайда операциядан кейін оқушының жүрегі тоқтап қалған.

Қайғылы жағдайдан соң Арнұр Көшербайдың жаназасы өткізіліп, ол жер қойнына тапсырылды. Шардара аудандық білім бөлімі мен құқық қорғау органдары бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр, полиция қылмыстық іс қозғаған. Білім бөлімінің басшысы Жанат Мусатаеваның айтуынша, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әзірге жұмыс орнында болғанымен, прокуратураның ұсынысы негізінде тергеу аяқталғанға дейін уақытша қызметінен шеттетіледі.

34 жастағы ұстаз бұл мектепте он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді және бұған дейін оған қатысты ешқандай шағым түспеген. Қайғылы жағдайдан кейін аудан мектептерінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, әсіресе даладағы сабақтар кезінде балаларды бақылау талаптары күшейтілетін болды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий