«Шешесімен бірігіп, өз үйімнен қуды»: Жанель Мақажан бірінші некесінің шындығын жайып салды
Танымал актриса Жанель Мақажан желіде оқырмандарының сауалына жауап беріп, тұңғыш некесінің не себепті сәтсіз аяқталғанын ашық баяндады. Өнер иесінің айтуынша, баянсыз өткен отбасылық өмірінде туыстардың озбырлығы, қорғансыздық пен ашық сатқындық болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Актриса бұрынғы жолдасының анасының ықпалынан шыға алмаған «маменькин сынок» болғанын, соның салдарынан өз жұбайы мен бала-шағасына қорған бола алмай, керісінше оларды жақындарына талатқанын айтып ашынды.
«Күйеуің сені, бала-шағаңды өз туыстарына талатып қойып қарап отырса, отбасын қорғамақ түгілі шешесінің, жанындағы психологтары мен достарының айтағына еріп, саған талағын беріп кетсе... Ал ел алдында керемет әке, мінсіз жар кейпін сомдап жүрсе – өте ауыр екен. Соның салдарынан денсаулығыңның қалай құрып бара жатқанын да аңғармай қаласың. Шешесінің етегінен шыға алмаған ол өз келіншегіне қарсы шығып, анасымен бірігіп сені өз үйіңнен қуса – бұл шыдау мүмкін емес жағдай», – дейді Жанель Мақажан.
Өнер иесі шаңырақты сақтап қалу үшін барлық күш-жігерін, қаржысы мен денсаулығын сарп еткенін, бірақ соңында ащы опасыздыққа кезіккенін жеткізді.
«Біз, әйелдер, аңғал келеміз, сенеміз: бүкіл энергиямызды, тапқан ақшамыз бен мотивациямызды береміз. "Екі дүниенің бақытын бірге кешеміз" деп жаныңды саласың да, ақыры ақымақ болып қаласың. Одан қалды көзіңе шөп салып, алдап, опасыздық жасап сатса, жаның қатты күйзеледі екен», – деп бөлісті ол.
Сөзін түйіндей келе, актриса қыздарға жар таңдауда жігіттің отбасылық құндылықтарына және оның туыстарының қарым-қатынасына жіті мән беру керектігін ескертті.
«Ерлі-зайыпты қол ұстасып, қиындықты бірге жеңуге дайын болса, шаңырақты сақтауға болады. Ал еркек өз отбасын емес, туыстарының сөзін таңдаса, одан не үміт, не қайыр? Бұл – басы ғана. Басымнан өткеннің бәрін айтсам, төбе шаштарыңыз тік тұрып, өмірде ешкімге сенбей кетесіздер», – деді актриса.
Соңғы жаңалықтар