Шетелдік блогермен видеоға түскен екі полиция қызметкері жұмыстан қуылды

13.09.2026 15:14 Қарақат АСЫЛОВА
Шетелдік блогермен видеоға түскен екі полиция қызметкері жұмыстан қуылды
333

Астанада туристік полицияның екі қызметкері шетелдік тревел-блогермен бірге түсірілген видеодан кейін ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz

Бұған дейін Haggagovic есімді тревел-блогер әлеуметтік желіде Астанада түсірілген видеоны жариялаған. Кадрларда шетелдік блогер полиция формасындағы қызметкерді көтеріп алып, онымен бірге айналып жүргені көрінеді.

Видео қазақстандықтар арасында қызу талқыланып, түрлі пікір тудырды. Осыдан кейін Астана қаласының Полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізілетінін хабарлаған.

13 қыркүйекте ведомство тексеру нәтижесін жариялады. Полиция мәліметінше, туристік полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қызметтік әдеп нормалары мен полицейге қойылатын талаптарды бұзған.

Ведомство қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде формамен мұндай әрекетке баруға жол берілмейтінін атап өтті. Полиция қызметкерлері кәсіби арақашықтықты сақтап, белгіленген қызметтік мәдениетті ұстануы тиіс.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша екі қызметкер де ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий