Шұғыл ота жасалды: Азамат Сатыбалды ауруханаға түсіп қалды

22.04.2026 08:49 Әсел Мұрат
Шұғыл ота жасалды: Азамат Сатыбалды ауруханаға түсіп қалды
405
Фото: әлеуметтік желіден

Танымал актер Азамат Сатыбалды әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайы нашарлап, шұғыл ота жасатқанын жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Актердің айтуынша, ол өзін жайсыз сезініп, артынша жедел жәрлем шақырған. 

«Ауырып тұрдым, аунап тұрдым. Кім білген, «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін ойнай алмай қаламын деп. Көрермендерден кешірім сұраймын. 19-ы «Зулейха» спектаклін ойнап үйге бардым. Келесі күні, Әуезов театрында спектакль ойнауым керек еді. Түнде 12-де басталды бір дүлей сырқат. Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім жоқ. Содан таңғы төртке дейін алыстым. Болмады.

Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Келген бойда дәрігерлер тексеріп бірден ота жасайтынын айтты. Әртіспісің дегендей, дәрігерге спектаклім бар еді, ертең жасасаңыз болмай ма дедім. Ол болса, бұл не деген сұмдық деп, басын ұстап таңғалды. Қандай спектакль, тез арада ота жасау керек деді. Көнбеске амал қалмады. Жан тәтті ғой. Не керек, бәрі сәтімен өтті. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Дәрігерлерге алғысым шексіз, зыр жүгіріп бәрін жасап жатыр. Кезегімен келіп, жағдайымды сұрап кетеді. Алла разы болсын. Ауырмаңыздар» – деп жазды актер.

Сондай-ақ ол ақын, Халық жазушысы Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатыса алмағанына қынжылды.

«Бір әттеген-ай бар. Мұхтар ағамен қоштаса алмадым. Жақсы көретін ақыным. Нар тұлғалы қоғам қайраткері еді. Алла алдынан жарылқасын ағамызды. Жаныңыз жәннәттың төрінде шалқысын, асыл ағатай», – деп түйіндеді ол.

Желі қолданушылары актердің жағдайына алаңдаушылығын білдіріп, оған жазылып кетуіне тілектестік білдірді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий