Шымкентте «алтын Назира» жұртты алдағаны анықталды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаржы пирамидасын ұйымдастыру ісі бойынша тоғыз адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, негізгі айыпталушы Н. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі көлемде алаяқтық), 217-бабының 3-бөлігі 2) тармағы (аса ірі көлемде қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету) және 218-бабының 3-бөлігі 3) тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша айыпталған.
Тергеу деректері бойынша, Н. 2022 жылдың шілдесінен бастап танысы Б.-ның сеніміне кіріп, жалпы сомасы 25 миллион теңгені құрайтын алтын бұйымдарын алып, қайтармай иеленіп кеткен. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары «Nazira Gold» атауымен қаржы пирамидасын құрып, оны әлеуметтік желілерде жарнамалаған. Ол азаматтарға 1 миллион теңге салым үшін 5 ай ішінде 21-41% сыйақы уәде етіп, қаражатты банктік аударым және қолма-қол түрде қабылдаған. Осы схема арқылы 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы жиналған.
Сонымен бірге, Н. түскен қаржыны заңдастыру мақсатында жылжымайтын және жылжымалы мүлікті жақын туыстарының атына тіркеген.
Қалған 8 сотталушы ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі және 217-бабы 3-бөлігі 2) тармағы бойынша қаржы пирамидасын құруға көмектескені үшін айыпталды. Олар салымшыларды тартуға, жоба жарнамасын жүргізуге, ақша қабылдауға және түрлі акциялар ұйымдастыруға қатысқаны анықталды. Ал сотталушы А. телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, пирамиданы жарнамалаған.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте «алтын Назираның» зәулім үйінен бума-бума ақша мен 12 келі алтын табылғаны хабарланған болатын.
Соңғы жаңалықтар