Шымкентте депутат жалған нөмірмен ұсталды

ШЫМКЕНТТЕ ДЕПУТАТ ЕРҒАЛИ АМАНБАЕВ ЖАЛҒАН НӨМІРМЕН ҰСТАЛДЫ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ POLITICO.KZ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТАЛЫ.
Шымкент қаласының полиция департаменті Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың жол ережесін өрескел бұзғаны үшін ұсталғанын ресми түрде растады. Әлеуметтік желіде тарап, қоғамдық шу тудырған оқиға қала қиылыстарының бірінде болған. Депутаттың бірнеше ереже бұзумен қатар, блатной саналатын мемлекеттік нөмірді заңсыз тағып жүргені анықталды.
Бұл оқиға журналист Михаил Козачковтың арнасында жарияланған видеодан кейін белгілі болды. Видеода Lexus көлігінің жүргізушісі мен жолаушысының қауіпсіздік белдігін тақпағаны, жолаушының жолдың қақ ортасында көліктен түскені және жүргізушінің қарсы бағытқа шығып, апаттық жағдай туғызғаны анық көрінеді. Желі қолданушылары видеодағы жүргізушінің Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Аманбаев Ерғали Асанұлы екенін бірден таныған. Кейін бұл ақпаратты полиция да растады.
Тексеріс барысында халық қалаулысының атына бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда: қарсы бағыттағы жолаққа шығу, рұқсат етілмеген жерде артқа жүру, қауіпсіздік белдігін тақпау, міндетті сақтандыру полисінсіз көлік жүргізу және бұрылыс сигналын қоспау. Алайда, ең ауыр заң бұзушылық – көлікке жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдалану болып отыр. Көлікке тағылған «777» нөмірі бұл Lexus-қа тіркелмеген болып шықты. Көлік тәркіленіп, айыптұраққа қойылды.
Полицияның хабарлауынша, енді депутат әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сот алдында жауап береді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін ол бес тәулікке дейін қамауға алынып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар





