Шымкентте Еңбек министрлігі департаментінің басшысы тергеліп жатыр

16.06.2026 16:09 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шымкентте Еңбек министрлігі департаментінің басшысы тергеліп жатыр
199
Фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаевқа қатысты тергеу басталғанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Шенеунікке қатысты жедел шаралар туралы алғашқы мәлімет журналист Михаил Козачковтың «Kozachkov offside» Telegram-арнасында пайда болды. Оның ақпараты бойынша ҰҚК жергілікті құрылымының қызметкерлері мемлекеттік қызметкердің жұмыс орнына барып тінту жүргізген. Қазіргі уақытта тергеушілер оған өрт қауіпсіздігіне қатысты оң қорытынды бергені үшін ақшалай сыйақы берілуі мүмкін деген деректі тексеріп жатыр.

Осы жағдайға қатысты ҰҚК баспасөз қызметі Руслан Тұңғышбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Бірақ ведомство өкілдері қылмыстық істің өзге де егжей-тегжейін ашып айтудан бас тартты.

Руслан Тұңғышбаев Кәрібайұлы Шымкенттегі аталмыш департаментті 2023 жылдың қазан айынан бері басқарып келеді. Ол бұл лауазымға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен тағайындалған болатын.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек ол бұған дейін Мәжіліс аппаратында қызмет еткен және Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің департаментін басқарған. Ал 2016 жылдан 2021 жылға дейін Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мекемесі басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий