Жетісуда «жүкті» әйел 15 тәулікке қамалды
Жетісу облысында мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған әйел жазадан құтылмақ болып, сотқа жүкті екені туралы анықтама ұсынған. Алайда құжатты прокуратура тексергенде қызық жайт анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жетісу облысы прокуратурасының хабарлауынша, оқиға Талдықорған қаласында болған. «Hyundai Sonata» көлігін алкогольдік масаң күйде басқарған әйелдің ісі сотта қаралған. Сол кезде ол жеке емханадан алынған жүктілік туралы анықтаманы көрсетіп, әкімшілік жауапкершіліктен босатылуға тырысқан.
Алайда Талдықорған қаласының прокуратурасы құжаттың растығын тексерген. Нәтижесінде әйелдің аталған емханаға қаралмағаны, ешқандай медициналық тексеруден өтпегені және оған жүктілік туралы анықтама берілмегені анықталған.
Осыдан кейін әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабының 1-бөлігі, яғни жалған құжат жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ал мас күйінде көлік жүргізгені үшін сот оны 15 тәулікке қамауға алып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырды. Бұл шешім заңды күшіне енген.
Қазір жалған анықтамаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар