Шортандыда вагон үстіне шыққан оқушыны тоқ соқты

Шортандыда вагон үстіне шыққан оқушыны тоқ соқты
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ақмола облысының Шортанды кентінде 15 жастағы жасөспірім теміржолдағы жазатайым оқиғадан ауыр жарақат алды. Тоғызыншы сынып оқушысы вагонның үстіне шыққанда оны жоғары кернеулі тоқ соқты, деп хабарлайды Politico.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім Астанадан Шортандыға қонаққа барған. Ол досымен бірге теміржол вокзалына барып, пойыз вагонының үстіне шыққан. Сол кезде қолы жоғары кернеулі электр сымдарына тиіп, қатты тоқ соққан.

Салдарынан жасөспірімнің басы, қолы мен аяқтары күйіп, денесінің 70 пайызы зақымданған.

Қазіргі уақытта 15 жастағы бала Шортанды аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Жасөспірімнің жағдайы ауыр болғандықтан, оны басқа медициналық мекемеге тасымалдау әзірге мүмкін емес. Оқиға орнына санитариялық авиация да барған.

Көліктегі полиция аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Кәмелетке толмаған балалардың бірі Шортанды аудандық ауруханасына жатқызылды. Екінші бала үйіне өз бетінше оралған», – деп мәлімдеді көліктегі полиция департаменті.

Полиция өкілдері теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу