Шымкентте сотталған ҰҚК басшысының жазасы өзгертілді
Шымкентте ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы орынбасарына қатысты үкім өзгерді, деп хабарлайды Politico.kz
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкімді қайта қарады. Апелляциялық шағымдарды қарастыру нәтижесінде бұрынғы лауазымды тұлғаның жазасы ішінара өзгертілді.
Сот кабинетінің деректеріне сәйкес, 16 қаңтарда қабылданған жаңа қаулы бойынша сотталушының мүлкін тәркілеу бөлігі алынып тасталды. Нақтырақ айтқанда, Сарбасовтың атына тіркелген Шымкент қаласындағы пәтер тәркіленбейтін болды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынып, кейін басқа адамның атына сатылып кеткен 2014 жылғы «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігінің құны, яғни 17 миллион теңгені мемлекет кірісіне өндіру туралы шешім күшін жойды.
Дегенмен үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалды. Экс-шенеунік бұған дейін тағайындалған 12 жылдық бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Еске салайық, 2025 жылдың қазан айында Манат Сарбасов жемқорлық және бюджет қаражатын жымқыру баптары бойынша айыпты деп танылған еді. Сол кезде сот оны 12 жылға соттап, ҰҚК подполковнигі шенінен айырған болатын. Сондай-ақ оның екі бөлмелі пәтері мен автокөлігін тәркілеп, 70 миллион теңге пара сомасын өтеуді міндеттеген.
Тергеу мәліметінше, 2019-2020 жылдары Манат Сарбасов кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызынан колледжге қамқорлық жасағаны үшін 45 миллион теңге және жеке мектепке жәрдемдескені үшін 70 миллион теңге пара алған. Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша, ол пара ретінде алған қаражатын екі пәтер мен жол талғамайтын көлік сатып алу арқылы заңдастырған. Кейін пәтерлердің бірін жөндеуден өткізіп, үш есе қымбатқа сатқан.
Соңғы жаңалықтар