Шымкентте жігіт сөйлесіп жүрген қызын өлтіріп, мүрдесін қорлаған

Шымкент қаласында кәмелетке толмаған қызды қасақана өлтіріп, оның денесін қорлаған 19 жастағы азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сот алдында сонымен қатар қылмысты жасыруға көмектескен күдіктінің кәмелетке толмаған танысы да жауап берді.
Otyrar.kz хабарлағандай, басты сотталушы Т. 2024 жылдың наурызында 17 жастағы қызбен Instagram әлеуметтік желісі арқылы танысқан. Біраз уақыт кездесіп жүрген қос жас кейіннен жанжалдасып қалған. 2025 жылдың 11 наурызында қыз Т.-ға хабарласып, қарым-қатынасты тоқтататынын айтып, оны әлеуметтік желілерден бұғаттап тастаған. Бұл жағдай сотталушының ашуын тудырған.
Келесі күні Т. қылмыс жасауға алдын ала дайындалып, пышақ сатып алып, көлік жалдаған. Ол қызды қала сыртындағы жерге баруға көндіріп, жол-жөнекей оған бірнеше рет — кеудесіне және арқа тұсына — пышақ сұғып өлтірген. Қыздың көз жұмғанына көз жеткізген соң, Т. оның денесіне қорлау әрекетін жасаған.
Қылмыстың ізін жасыру мақсатында Т. өзімен бірге кәмелетке толмаған танысы С.-ны шақырып, бірге мәйітті қапқа салып, басқа жерге апарып жасырған.
Сотта Т.-ның кінәсін жартылай мойындағаны, бұрын сотты болмағаны және жасы ескеріліп, бұл жайттар жаза жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ал С.-ның кінәсін толық мойындауы, жасағанына өкінуі, кәмелетке толмағандығы және үшінші топ мүгедектігі де ескерілді.
Сот үкімі бойынша, Т.-ға 22 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал С.-ға 2 жыл бостандығын шектеу жазасы кесіліп, амнистия туралы актіге байланысты ол мерзім 1 жыл 4 айға дейін қысқартылды.
Аталған үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар





