«Шыңғысхан — қазақ!»: Тарихшы-блогер не дейді?
Тарихшы-блогер Дастан Әбіш Шыңғысханның шығу тегі туралы пікір білдіріп, қоғамда үлкен талқылау тудырды. Оның айтуынша, моңғолдардың атақты қолбасшыға ешқандай қатысы жоқ, ал Шыңғысханның өзі — түркі тектес, нақтырақ айтқанда, қазақ болған, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Блогер өз сөзінде:
«Қазір көп адам “Шыңғысхан түрік тілінде сөйлеген”, “Найман жазуымен жазған” деген пікірлерге күмәнмен қарайды. Бірақ мен айтар едім, бұл шындыққа өте жақын. Себебі 13-ғасырдан 20-ғасырға дейін қазақ жерін тек Шыңғысханның ұрпақтары биледі. Ал Ұлы дала заңы бойынша, мемлекетті тек сол халықтың өкілі ғана басқара алады», – дейді ол.
Дастан Әбіштің айтуынша, қазақ жерінде әр ру мен тайпаның өз өкілі билікке келген.
«Мысалы, наймандарды – найман, үйсіндерді – үйсін басқарған. Ал Шыңғысхан сол түркі тілдес халықтардың бәрін біріктіріп, үлкен империя құрды. Егер Шыңғысхан қазақ болмағанда, қазақтар оның ұрпағын хан етіп сайламас еді», – дейді зерттеуші.
Блогер бұл ойын нақты дәлелдермен бекітеді:
«Басқа елдерде Шыңғысхан ұрпақтары бір-екі ғасырдан соң биліктен айырылды. Ал қазақ жерінде олардың ұрпақтары 20-ғасырға дейін ел тізгінін ұстады. Тіпті Алаш партиясын құрған Әлихан Бөкейханның өзі – Шыңғысханның ұрпағы. Демек, ол да нағыз қазақ», – дейді ол.
Дастан Әбіш өз сөзінде ұлттық тарихты Шыңғысхансыз елестету мүмкін еместігін айтады:
«Біздің соңғы сегіз ғасырлық тарихымызды Шыңғысхан мен оның әулетінсіз түсіну мүмкін емес. Ол – түркі өркениетінің, соның ішінде қазақ халқының тікелей мұрагері», – дейді блогер.
Ол сондай-ақ қазақ тарихындағы белгілі тұлғалар мен Шыңғысхан әулетінің байланысына тоқталды.
«Тұрар Рысқұлов Сталиннің қабылдауына кешіккенде, Сталин әзілдеп: “Шыңғысхан келді, төрге шықсын” деген екен. Бұл да тегін айтылған сөз емес. Себебі Шыңғысхан ұрпақтарының рухы қазақтың бойында әлі күнге дейін сақталған», – дейді ол.
Блогер өз сөзін қорытындылай келе:
«Егер біз Шыңғысханның ұрпағымыз десек, онда ұлы бабамыздай тәкаппар, өр, намысты болуымыз керек. Өз тарихымызды өзіміз иеленбесек, өзгелер иеленеді», – деп түйіндеді.
Соңғы жаңалықтар