Сізге алғыс айтамын - Владимир Путин

Сізге алғыс айтамын - Владимир Путин
10.10.2025 17:32
0
238
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қарашада, екі аптадан кейін Ресейге сапармен баратынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

– 12 қараша күні, яғни екі аптадан кейін Сіздің шақыруыңызбен Ресейге сапармен барамын. Біз бұған ерекше мән беріп отырмыз. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарға тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейді шын мәнінде мәңгі одақтастық, стратегиялық серіктестік және достық қарым-қатынастар байланыстырады. Көрсеткіштерге көңіл толады. Менің Ресейге жасайтын сапарымның алдында өзара сауда көлемі жоғары деңгейге жетті. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларды құрады. Ресей біздің экономикаға қаржы құйып отырған негізгі инвесторлардың бірі. Осы жылдар ішінде Ресей бизнесі Қазақстанға 26 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Өткен жылдың өзінде елімізге 4 миллиард доллар инвестиция келді. Бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 22 миллиард долларға жуық 114 жобаның іске асырылғанын мысалға алсақ та жеткілікті. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.

Владимир ПУТИН:

– Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы байланыстардың сипаты ерекше. Бұған Сіз бен біздің достығымыз ғана ықпал етіп отырған жоқ. Өйткені Қазақстан мен Ресей посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге бастамашы болып келе жатқаны белгілі. Бізде тұрақты түрде назар аударатын екіжақты мәселелер жеткілікті. Өз тарапымнан Қазақстан-Ресей байланыстарын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтамын. Екіжақты форматтағы осындай кездесулеріміз ынтымақтастығымызды дамыту үшін пайдалы болатынына сенімдімін, – деді Ресей Президенті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий