«Соғыс бітпей, Ресейдегі жағдай тұрақталмай, біздің де көзіміз ашылмайтын сияқты»: Шаруалар пиязын 30 теңгеден де өткізе алмай отыр

18.03.2026 11:36 Арман Ермеков
«Соғыс бітпей, Ресейдегі жағдай тұрақталмай, біздің де көзіміз ашылмайтын сияқты»: Шаруалар пиязын 30 теңгеден де өткізе алмай отыр
267
Коллаж Politico.kz / Фото: Orda.kz

Алматы облысы Шеңгелді ауылының шаруалары өсірген пиязын сата алмай, дағдарысқа ұшырағанын мәлімдеді. Қоймада мыңдаған тонна өнім жиналып қалған, алайда оны сатып алушы жоқ, деп хабарлайды Orda.kz.

Фермерлердің сөзінше, пияздың өзіндік құны шамамен 7 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ қазір оны тіпті 30 теңгеден өткізудің өзі мұң болып тұр. Нарықта сұраныс жоқ, ал тасымалдау логистикасы дұрыс жолға қойылмаған. Амалсыздан кейбір шаруалар трассаға шығып, жол бойында сауда жасауға мәжбүр.

«Қоймадан пияздың келісі небәрі 30 теңгеден босатылып жатыр. Фермерлер мұны «таза символикалық баға» деп атайды. Өйткені Алматыда және Қазақстанның басқа өңірлерінде пияздың бағасы 100 теңгеден жоғары. Алайда логистика мәселесі мен делдалдардың көптігі салдарынан шаруалар 2025 жылғы өнімін нарыққа шығара алмай отыр. Қазір олардың айтуынша, қоймаларда пияздың көлемі жеткілікті, сапасы да жақсы. Бірақ соған қарамастан өнім өтпей тұр», – дейді Думан есімді ауыл тұрғыны.

Оның айтуынша, фермерлер кез келген кәсіпкермен ұзақ мерзімді келісімшарт жасасып, қажетті көлемде өнім өсіріп беруге дайын. Алайда өткізу мәселесі жыл сайын қайталанатын шешілмес түйінге айналған.

Шаруалар өнім құнының қымбаттауына бірнеше фактор себеп болғанын айтады. Соның ең бастысы – су бағасы. Сорғы стансалары электр энергиясымен жұмыс істейтіндіктен, жарықтың қымбаттауы су тарифіне тікелей әсер еткен. Оған қоса кейбір стансалар жекеменшік қолында болғандықтан, мемлекеттік жаңғырту бағдарламаларына ілікпей, суды қымбатқа сатуға мәжбүр.

Бұдан бөлек ауыл шаруашылығындағы тағы бір өзекті мәселе – сапалы препараттардың тапшылығы мен қымбаттығы. Зиянкестермен күресетін арзан дәрілер тиімсіз, ал шетелдік сапалы препараттардың құны өте жоғары.

«Егер шаруалар қымбат препараттарды қолданса, егіннің өзіндік құны тым өсіп кетеді. Мұндай жағдайда өнімді нарықта сату тиімсіз болып қалады. Қазір зиянкестерді жоятын жақсы дәрілер өте қымбат. Ал бізге келетіндерінің сапасы төмен», – дейді шаруалар.

Фермерлердің басым бөлігі қарызға батып отырғанын жасырмайды. Егін егу үшін банктер жерді кепілге алмайды, сондықтан олар үй-мүлкін кепілге қоюға мәжбүр. Қаржының жоқтығынан кейбір егістік алқаптары бос жатыр.

«Егін егу үшін кредит аламыз. Бірақ оны қайтару да оңай емес. Ауылдағы адамдардың жартысы қазір қарызға батып отыр. Қаржының жетіспеуінен кейбір егістік жерлер бос қалып жатыр. Шаруалардың айтуынша, мемлекет тарапынан нақты қолдау жеткіліксіз. Соғыс бітпей, Ресейдегі жағдай тұрақталмай, біздің де көзіміз ашылмайтын сияқты», – дейді олар.

Сондай-ақ шаруалар ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін экспортқа қойылатын шектеулер де ауыл шаруашылығына ауыр соққы болып тиетінін жеткізді.

Бұл мәселеге қатысты Қонаев қаласының әкімдігі түсініктеме берді. Ресми мәліметке сүйенсек, Шеңгелді ауылдық округінде 450 гектар жерге пияз егіліп, 16 мың тонна өнім жиналған. Оның бір бөлігі алдын ала келісімшартпен ірі сауда желілеріне жөнелтілсе, тағы бір бөлігі базарлар арқылы сатылуда. Күзгі жиын-терім кезінде пияз 45-70 теңгеден сатылған, алайда бұл баға өзіндік құнынан сәл ғана жоғары болғандықтан, шаруалар өнімді сақтап қоюды жөн көрген. Қазіргі таңда 7 қоймада 3970 тонна пияз сақтаулы тұр.

Әкімдік нарықтағы сұраныс толық қамтамасыз етілгендіктен сауда бәсеңдегенін мойындап отыр. Осыған орай «Алтын Орда» базарында тегін сауда орындары көбейтіліп, Ресей, Моңғолия және Тәжікстаннан сатып алушылар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ шаруаларға демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерде өз өнімдерін сатуға рұқсат берілген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий