Соғыста қанша адам көз жұмды? Ресми деректер мен сарапшылар пікірі

Украинадағы соғыс кезінде нақты қанша адам қаза тапқаны туралы пікірталас жалғасуда, деп хабарлайды The Times.
Президент Дональд Трамп өзінің соңғы мәлімдемесінде 1 миллион ресейлік пен 700 мың украиналықтың қаза тапқанын айтты. Алайда бұл сандар ресми деректермен сәйкес келмейді.
Украина билігі адам шығыны туралы мәлімет беруге аса құлықты емес. Президент Владимир Зеленскийдің желтоқсан айында жариялаған есебіне сәйкес, Украина тарапынан 43 000 әскери қаза тапқан. Бірақ сол кезде-ақ Трамп бұл санды 400 000 деп мәлімдеген еді.
Ресей тарапы бұл мәселеде одан да жабық саясат ұстануда. Соңғы ресми есеп 2022 жылы жарияланып, 6 000 сарбаз қаза тапқаны айтылған. Бірақ BBC Russia мен тәуелсіз "Медиазона" сайты кемінде 90 000 ресейлік сарбаздың қаза тапқанын анықтаған.
BBC журналисі Ольга Ившина Ресейдің нақты шығыны 138 500-200 000 адам болуы мүмкін деп есептейді. Ал егер Украинадағы Ресей бақылауындағы аймақтардың сарбаздарын есептесе, бұл сан 223 000-ға жетуі ықтимал.
Британдық қорғаныс министрлігінің деректері бойынша, Ресей әскері 800 000 адамынан айырылған, бірақ олардың қаншасы қаза тауып, қаншасы жараланғаны нақты айтылмайды.
Украина әскери қолбасшылығы Ресейдің 198 000 сарбазынан айырылғанын мәлімдеген.
Бейбіт тұрғындар арасындағы шығын да даулы мәселе. БҰҰ-ның соңғы есебіне сәйкес, 12 500 бейбіт тұрғын, соның ішінде 650 бала қаза тапқан. Бірақ ұйым бұл көрсеткіштің әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін, себебі Ресей бақылауындағы аймақтардағы шығын толық тіркелмегенін айтты.
Мариупольдегі құрбандар саны 25 000 мен 75 000 аралығында болуы мүмкін.
Ресейдің өзі Украина шабуылдарынан 400 бейбіт тұрғынынан айырылғанын мәлімдеген. Бұл деректер соңғы 18 ай бойы жаңартылмаған.
Сонымен қатар, соғыс барысында мыңдаған адам аяқ-қолынан айырылды.
Жақында батыстық сарапшылар Ресейге көмекке келген 11 000 солдаттың ішінен 1000-ға жуық солтүстіккореялық әскери қаза тапқанын мәлімдеді.
Украинадағы адам шығынына қатысты нақты деректер әлі белгісіз.
Соңғы жаңалықтар





