Солтүстік Аралды сақтаудың 2-ші кезеңі басталды

Қазақстанда Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі іске қосылды
Бұл кезең аясында Көкарал бөгетін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, теңіз деңгейі Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтерілмек. Жоспар бойынша, Солтүстік Аралдағы су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, жалпы көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңізді осы белгіленген деңгейлерге дейін толтыру үшін 4-5 жыл уақыт қажет болады деп күтілуде.
Қазақстанның Су ресурстары министрлігі жобаның екінші кезеңінің техникалық-экономикалық негіздемесіне (ТЭО) қатысты сараптаманы 2025 жылдың соңына дейін алуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, аталған ТЭО-ны әзірлеуге қажетті қаражатты Дүниежүзілік банк бөлген болатын.
Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша өкілі Самех Вахбаның айтуынша, Солтүстік Аралды сақтауға бағытталған бұл жоба «тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің бүкіл әлемге үлгі болатын мысалы» болып табылады.
Жобаның бірінші кезеңінің нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 42%-ға артқан еді, судың тұздылығы шамамен 4 есеге жуық азайған, ал жылдық балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жеткен. Бұдан бөлек, теңіздің құрғап қалған табанының 870 шаршы шақырым аумағы қайтадан су астында қалған болатын.
Ақпарат: POLITICO.KZ
Соңғы жаңалықтар





