Солтүстік Қазақстанда жантүршігерлік жол апатынан бірнеше адам көз жұмды
Солтүстік Қазақстан облысында үш жеңіл автокөлік пен екі «КамАЗ» жүк көлігі соқтығысып, салдарынан үш адам қаза тапты. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 15 қазанда сағат 08:00 шамасында республикалық маңызы бар «Астана – Петропавл» автожолында Кременчуг ауылының маңында болған.
Полицияның мәліметінше, «Audi» жеңіл автокөлігінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Өзге көліктердің жүргізушілері зардап шекпеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолда кенеттен тұман пайда болып, көріну қашықтығы күрт нашарлаған. Соның салдарынан жеңіл көлік екі жүк көлігінің ортасында қысылып қалған.
Аталған дерек бойынша абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайын жан-жақты анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалған.
Полиция департаменті жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырды. Ведомство өкілдері жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтаудың маңызын еске салды.
Тұман түсіп, көктайғақ болғанда немесе көріну қашықтығы шектелген жағдайда жылдамдықты төмендетіп, жолда барынша мұқият болу қажет.
Соңғы жаңалықтар