Павлодарда оқушылар белгісіз дәрілерден уланып қалды: мектепте не болған?
Павлодар мектептерінің бірінде белгісіз дәрі-дәрмектен шыққан өткір иістен кейін балалардың денсаулығы нашарлады. Оқиғаға қатысты өңірдің білім және денсаулық сақтау басқармалары ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Павлодар облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, оқиға 2026 жылы 12 қазанда болған.
«Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқу кабинетінен өткір иісі бар дәрілер (таблеткалар) табылды. Сабақтан кейін алты оқушының денсаулығы нашарлаған. Медициналық тексеру нәтижесінде олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Мектеп әкімшілігі ішкі тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жауапты қызметкерлерге қатысты тәртіптік жаза шаралары қолданылды»,– деп хабарлады ведомстводағылар.
Өз кезегінде Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға жүгінген балалардың жағдайы туралы нақтылады.
«12 қазанда Павлодар облыстық балалар ауруханасына жағымсыз иістен уланған болуы мүмкін деген шағыммен үш бала жеткізілді. Олардың барлығын кезекші педиатр қарап шықты. Ауруханаға жатқызуға негіз болмағандықтан, балалар амбулаторлық бақылауға жіберілді. Сондай-ақ ата-аналарға қажетті ұсынымдар берілді», – деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Қазіргі таңда балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Соңғы жаңалықтар