«Соққыдан ұлым қолымнан ұшып кетті»: «Газель» қағып кеткен келіншек оқиға қалай болғанын айтып берді

16.06.2026 09:18 Мөлдір ҚАЙНАР
«Соққыдан ұлым қолымнан ұшып кетті»: «Газель» қағып кеткен келіншек оқиға қалай болғанын айтып берді
192
Фото: видеодан скриншот

Биыл мамыр айында Екібастұзда бір жасар ұлын құшағына көтеріп келе жатқан 27 жастағы әйелді кері жүріп келе жатқан «Газель» қағып кеткен еді. Ауыр жарақат алған келіншек жансақтау бөліміне түсіп, бір айға жуық емделді. Ауруханадан шыққаннан кейін ол жол апаты кезінде бастан өткерген сәттерін алғаш рет баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 24 мамыр күні болған. Әйел сол күні бір жасар ұлымен бірге күйеуіне қарсы беттеп келе жатқан. Зардап шеккен әйел Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында бұл маңда балаларымен жиі серуендейтінін айтқан.

«Сол күні күйеуіммен WhatsApp арқылы сөйлесіп келе жатқанмын. Бір сәтке ғана тоқтадым. Сол кезде арқамнан қатты соққы тиді. Соққының қатты болғаны сонша, ұлым қолымнан ұшып кетіп, бір жаққа құлады. Жүк көлігі мені басып өтті. Оң қолым мен оң аяғымды мүлде сезбедім. Көлік кейін шегіне бастағанда тек дөңгелектерін көріп, басымды бұрып үлгердім. Егер бұрмағанымда, дөңгелек басымның үстінен өтер еді», – дейді зардап шеккен әйел.

Ол сол сәтте бар ойы ұлының амандығында болғанын айтады.

«Ұлым қатты жылап жатты. Мен жүргізушіден оны көтеріп алуын өтіндім. Кейін бір әйел келіп, баламды құшағына алып, жұбатты. Жүргізуші маған қайта-қайта "Тұрыңыз, тұрыңыз" деді. Бірақ мен қозғала алмадым. Бар ойым – балама ештеңе болмаса екен деген тілек болды», – деп еске алады ол.

Абырой болғанда, сәби ешқандай жарақат алмаған. Ал анасы көптеген сынықпен жансақтау бөліміне жеткізілген.

Жәбірленушінің айтуынша, олар жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен келе жатқан және ол жерден көлік жүреді деп мүлде ойламаған.

«Артымнан көлік келе жатқанын естіген жоқпын. Өйткені жанындағы жолдан үнемі көліктердің дауысы шығып тұрады. Біз жаяу жүргіншілерге арналған жолмен келе жатқанбыз. Ол жерде көлік қозғалысы болмауы керек еді. Сондықтан артымнан көлік келеді деп күтпедім», – дейді ол.

Жол апатынан кейін әйелге екі күрделі ота жасалған.

«Бір апта бойы аяққа тартқыш аппаратпен жаттым. Дәрігерлер аяғымды бөлшектеп қайта құрастырғандай болды. Бұған қоса бұғанам да сынған. Екі операция жасалды. Бұғанаға темір пластина, ал аяққа арнайы металл өзек орнатылды. Дәрігерлер толық қалпына келу үшін бірнеше ай қажет екенін айтты. Қазір қайтадан отыруды үйреніп жатырмын. Кейін жүруді қайта үйренемін. Темір пластина мен өзекті бір жылдан кейін ғана алады», – деді ол.

Жәбірленушінің туыстары жол апаты болған жердің тек жаяу жүргіншілерге арналғанын айтты.

«Ол жерде тротуар плиталары төселген. Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, көліктердің жүруіне болмайды. Дүкеннің жанында автотұрақ бар, бірақ ол жаяу жүргіншілер аймағынан бөлек орналасқан», – деді әйелдің анасы.

Екібастұз әкімдігі де бұл аумақтың тек жаяу жүргіншілерге арналғанын растады. Оқиғадан кейін полицияның ұйғарымы негізінде тротуарға көліктердің кіруіне жол бермейтін арнайы металл бағаналар орнатылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий