Спорт журналисі көкпаршы туралы: Ат тұяғымен бетінен басса да, соңына дейін білдірмеді

16.09.2026 21:05 Томирис САҒЫНДЫҚ
Спорт журналисі көкпаршы туралы: Ат тұяғымен бетінен басса да, соңына дейін білдірмеді
154
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көкпар мен көкбөрі сайыстарының қорытындысына қатысты спорт журналисі Аслан Қаженов пікір білдірді. Ол ұлттық құраманың бұл жолғы жеңілісінің себептері мен ойын барысында болған таласты сәттерге баға берді. Сондай-ақ журналист спортшылардың дайындық деңгейі мен команда капитанының турнирдегі қайсарлығы туралы айтып өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Аслан Қаженов "Қасқа жол" подкастында әңгімеледі. 

Спорт журналисі Аслан Қаженов бұл жолғы турнирде Қазақстан құрамасының жеңілісті толық мойындағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қырғызстандық спортшылар көкпардан да, көкбөріден да дайындықтың жоғары деңгейін көрсеткен. Журналист ойын нәтижесіне ешқандай жанама факторлар немесе төрешілердің шешімдері әсер етпегенін атап өтті.

«Мен мұны жеңілістің себебін іздеу немесе өзге нәрселердің кесірі деп ойламаймын. Жеңілісті Қазақстан тарапы толық мойындады. Осы жолы қырғыз жігіттері көкпардан да, көкбөріден де мықты дайындалған. Ойыннан кейін команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек пен команда өкілдері сұхбат берді. Тек бас бапкердің қорытынды сұхбатын ала алмадық. Ол жақында Астанаға келеді, сол кезде оны да жазып, жариялаймыз. Жалпы көкпар мен көкбөріден ешқандай сұрақ жоқ. Ойын кезінде әртүрлі жағдайлар болды, оның бейнежазбалары да шығып жатыр, бірақ ол нәтижеге әсер еткен жок. Біздің жігіттер мен аттарымыз әлсіз болды. Қазақстан командасы көкпардан да, көкбөріден де айқын басымдықпен жеңілді. Оны қабылдауымыз керек, ол жерде ешқандай мәселе жоқ», — деді спорт журналисі.

Ұлттық құрама мүшелері дайындық кезеңінде ұстамдылық пен сабыр сақтау тактикасын берік ұстанғаны белгілі болды. Ойын барысында орын алған ереже бұзушылықтарға төреші тарапынан тиісті жаза қолданылды. Журналист алаңдағы аттардың қақтығысын әдейі жасалған арандатушылық деп айыптауға негіз жоқ екенін түсіндірді.

«Жігіттер де жеңілісті бірден мойындады. Жарыс аяқталғаннан кейінгі сұхбаттарда да, ойынның өзінен де кімнің мықты дайындалғаны байқалып тұр. Біздің бас бапкер Нұрдаулет Момынов көкпардан үш ай бойы жаттығу өткізді. Біздің жігіттер сол кезде «ешқандай арандатуға берілмейміз, төбелес шығармаймыз» деген ұстанымда болды. Құрманбекпен болған жағдайда да біздің жігіттер қарсы реакция білдірмей, барынша сабырлық танытты. Бұл — дайындық барысындағы тактика. Екіншіден, Құрманбекті қаққан жігіт ережеге сәйкес 2 минуттық айып алып, ойыннан шеттетілді. Төреші өз жазасын қолданды. Егер қаттырақ тәртіп бұзылса, 5 минутқа дейін шектеу бар. Сол сәтте аттар соғысып, жылдамдықпен келіп ұрды. Одан кейін екі аттың басып өткен жерінде жігіттердің ішкі ойын білмеймін. Бірақ ат — жануар, ол тоқтамайды. Сондай сәттерді солай түсіндіруі де мүмкін, сондықтан оны «әдейі істеді ме, әдейі істемеді ме» деп айыптауға болмайды», — деді Аслан Қаженов.

Команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек ойын кезінде алған дене жарақатына қарамастан сайысты соңына дейін жалғастырған. Алған жарақатының ауырлығына қарамастан, ол дәрігерлердің ойынды тоқтату туралы ұсынысынан бас тартқан. Спорт журналисі көкпар сияқты ұжымдық спортта нәтиже тек бір адамға емес, сәйкесінше аттардың да дайындығына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Құрманбектің азаматтығы мен батырлығы сонда — денсаулығында кінәрат болса да, соңына дейін білдірген жоқ. Оның қолы шығып немесе сынып кеткенін, мойны ауырғанын салып жатқан бейнежазбадан көруге болады. Ат тұяғымен оның бетінен басқан. Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келіп, қауіпсіздік үшін толық тексеруге ойынды тоқтатуды сұрағанда, Құрманбек одан бас тартып, ойынды ары қарай жалғастыру туралы шешім қабылдады. Ол жігіттердің арасында ойынға дейін де, ойын кезінде де, одан кейін де жанып жүрді. Елдің үмітін ақтау үшін жеңіске жеткісі келді, бірақ бұл — командалық ойын, бір адам ештеңе шеше алмайды. Сонымен қатар, мұнда 70 пайыз нәтиже атқа байланысты», — деді Аслан Қаженов.

Войдите, чтобы оставить комментарий