СҚО-да 380 млн теңге жымқырды деген күдікпен бұрынғы шенеунік пен мердігер тергелуде
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында құрылысқа бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі әшкереленді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді. Ведомство ақпаратына сүйенсек, іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңгеге жеткен.
Даулы жоба 2017 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында басталған. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Akcent KZ» ЖШС-мен арнайы шарт жасасқан. Мердігер «Сырымбет» кен орнына дейін теміржол кірме жолын, ішкі жол тармақтары мен инженерлік желілерді салуы тиіс еді.
«Сырымбет» кен орны аймақ үшін өте маңызды стратегиялық нысан саналады. Бұл — Қазақстандағы жалғыз және Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны. Жалпы мемлекеттік сатып алу келісімшартының құны 1,4 млрд теңге болған.
Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2018 жылы толық аяқталуы керек еді. Алайда жобаны тапсыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Соның салдарынан стратегиялық нысанның құрылысы бүгінгі күнге дейін бітпей тұр.
Осы іске қатысты мердігер ұйымның басшысы күдікті ретінде танылды. Онымен бірге Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы да тергеліп жатыр. Сот санкциясымен оларға тиесілі 3 пәтер мен автотұрақ орнына тыйым салынды.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар