Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, келісімшарт тараптардың өзара келісімі бойынша тоқтатылған.
"Сонымен қатар, құрамадан барлық жаттықтырушылар штабы кетеді. Қазақстан футбол федерациясы Станислав Саламовичке және оның штабына атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, алдағы мансабына табыс тілейді. Футбол құрамасының жаңа бас бапкерінің кандидатурасы қарастырылып жатыр", – делінген хабарламада.
Станислав Черчесов Қазақстан құрамасын 2024 жылдың маусымында басқарған болатын. Оның жетекшілігімен команда ҰЕФА Ұлттар лигасы аясында алты матч өткізіп, бір ғана ұпай жинады. Норвегия құрамасымен өткен матч тең есеппен аяқталған еді.
Станислав Черчесов өткен мансабында Мәскеудің "Спартак", "Локомотив" клубтарында, сондай-ақ Германияның Дрезден қаласының "Динамо" командасында ойнаған. Ол "Спартак", "Динамо", "Терек", "Амкар", Польшаның "Легия", Ресей құрамасы және Венгрияның "Ференцварош" командаларын жаттықтырған.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желілерде Черчесовтың қызметтен кететіні туралы ақпарат тараған еді. Алайда, ол кезде федерация бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Соңғы жаңалықтар




