Сүйінші, ағайын! Қазақстан футболы құрамасы әлемге әйгілі FIFA ойынына қосылуы мүмкін

20.11.2025 12:13 Арман Ермеков
Сүйінші, ағайын! Қазақстан футболы құрамасы әлемге әйгілі FIFA ойынына қосылуы мүмкін
0
133
Фото: EA

FIFA, Battlefield және Need for Speed секілді аты аңызға айналған ойындарды жасаушы Electronic Arts корпорациясы Қазақстанға арнайы ұсыныс жасады. Канадалық компания отандық футболды өздерінің цифрлық жобаларына қосуға ниетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Қуанышты хабарды блогер әрі киберспортшы Арман Пірманов сүйіншіледі. Оның айтуынша, Қазақстан футбол федерациясына мұхиттың арғы жағынан ресми хат келіп түскен. Құжат 3 қараша күні қолға тиген көрінеді. Ендігі кезек – федерация басшылығында. Егер олар келісімге қол қойса, қазақ футболы виртуалды әлемде жаңа деңгейге көтерілмек.

Бұл жай ғана техникалық серіктестік емес, миллиондаған жанкүйердің көптен күткен арманы еді.

«Канада мен Electronic Arts-таң арнайы хат Фидерацияға келді 3 күні. Солардың енді Қазақстан Фидерациясының қолын күтіп отыр. ҚФФ қол қойса, жұмысымызды бастап кетеміз. Қол қойылады деген ниеттемін. Құдай қаласа ертең-арғы күні біту керек. Әлемдегі үлкен компания бізге шықты, келісімшарттарын жіберді. Соңғы нүктелері қалды. 2 күнде қол қойылса ҚФФ соңғы қадамдарын күтіп отырмыз», – дейді сала мамандары.

Яғни, жақын арада жерлестерімізді, біздің клубтар мен ұлттық атрибутиканы әлемнің басты ойынынан көріп қалуымыз ғажап емес. Егер екі жақ ортақ мәмілеге келсе, әлемдік деңгейдегі танымал футбол симуляторында Қазақстан ұлттық құрамасы, Премьер-лига немесе кем дегенде бір отандық клуб пайда болуы мүмкін. Бұл – бүкіл отандық футбол үшін үлкен серпіліс.

Айта кетейік, ФИФА-ның қараша айындағы жаңартылған рейтингінде ұлттық құрама әзірге 115-орында тұр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий