Светамен танысуым қызық болды – Димаштың әкесі

Қазақстанның халық әртісі Қанат Айтбаев «Бенефис-шоу» бағдарламасында өмірлік жарымен қалай танысқанын айтып берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Светамен танысуым қызық болды. Өнерде жүргеннен кейін өмірлік серік ретінде өзімді түсінетін өнерпаз қыз баланы іздедім. Группаластарыма «сендердің араларыңда маған тұрмысқа шығатын қыз жоқ, өйткені ешқайсың ән айтпайсыңдар» деп әзіл-шыны аралас қалжыңдайтынмын», - деп әңгімесін бастады Қанат Айтбаев.
Ол екінші курс оқып жүргенінде Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Төлемісова оқитын оқу орны бір топ жігітті «Қыз сыны» байқауына әділ-қазы болуға шақырғанын атап өтті.
«Қыздардың бәрі сұлу. Светаға екінші орын бердік. Содан он шақты күннен кейін телеарнаны қоссам, облыстық қыз сыны байқауының бас жүлдесін Светлана Төлемісова иеленді деп жатыр екен. Екінші орын берген қызымыз бас жүлде алып кетіпті. Бірге отырған жігіттерге осы қызға үйленемін деп айттым. Олар болса, «өзің екінші орын бердің, ана жақтан бас жүлде алып жатқан қыз сені не істейді» деп сенбеді. Жоқ, қалайда осы қызға үйленемін деп бірден шешім қабылдадым. Өйтіп-бүйтіп, кездесуге шақырып жүріп, үйлендім», - деп күлді Қанат Айтбаев.
Соңғы жаңалықтар





