Сыныптасын қатыгездікпен өлтірген жасөспірім шизофрения диагнозымен ақталып шықты

16.09.2026 22:23 Томирис САҒЫНДЫҚ
Сыныптасын қатыгездікпен өлтірген жасөспірім шизофрения диагнозымен ақталып шықты
87
Фото: Aapple Wong

Малайзияда сыныптас қызын аяусыз өлтiрді деп айыпталған жасөспірім ақталды. Судья оқиға кезінде оның жүйке жүйесі дұрыс болмаған деген шешім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы bbc.com басылымы хабарлады.

Жасөспірім Куала-Лумпур маңындағы орта мектептердің бірінде 16 жастағы Яп Шинг Сюэнді дәретханада пышақтап өлтiрген еді. Бұл қайғылы оқиға елде үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілердің балаларға тигізетін кері әсері туралы қызу талқыға түрткі болды. Полиция оқиға болған кезде 14 жастағы күдіктіге әлеуметтік желілер ықпал етуі мүмкін деген болжам жасаған. Бұл жағдай биліктің осы жылдың басынан бастап балалардың интернетке қолжетімділігін шектеуіне негізгі себептердің бірі болды.

Заңға сәйкес, кәмелетке толмағандықтан аты-жөні жарияланбайтын жасөспірім өз айыбын мойындаған жоқ. Сот процесі кезінде қорғаушылар оның қызды өлтiргенін теріске шығармағанымен, бірнеше жылдан бері психикалық ауытқушылықтан зардап шегіп келгенін алға тартып, ақтауды сұрады. Психиатр-сарапшы баланың тоғыз жасынан бері шизофренияға шалдығып, сандырақ ойлардан зардап шеккенін растады. Оның бұл дерті пандемия кезінде және мектепке қайта оралғанда одан әрі нашарлай түскен. Дәрігерлер жасөспірімнің өмір бойы емделуі қажет екенін айтады.

Сот шешімімен ол ақталғанымен, арнайы психиатриялық ауруханада емделуге міндеттелді. Ол қоғамға қауіпсіз деп танылғанша емдеу мекемесінде болып, жыл сайын медициналық тексерістен өтіп тұрады. Қорғаушының айтуынша, үкімді естіген сәтте бала ешқандай эмоция білдірмеген, бірақ жағдайдың салмақты екенін түсінген. Сот отырысы жабық режимде өткендіктен, БАҚ өкілдері мен жұртшылық қатыса алмады. Осы күні қаза тапқан қыздың анасы желіде жазба қалдырып, әділдік үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.

Айта кету керек, талқылаудың күшеюіне ұстау кезінде жасөспірімнен табылып, желіге тарап кеткен жазба да себеп болды. Кейбіреулер бұл жағдайды Netflix платформасындағы сыныптасын өлтiрген бала туралы «Adolescence» сериалымен салыстырды.

Бұған дейін Премьер-министр Анвар Ибрагим мектептердегі зорлық-зомбылық мәселесінің басым бөлігі ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерді пайдаланудан туындап отырғанын айтып, қатаң шаралар қабылдауға сөз берген еді. Соның нәтижесінде, маусым айынан бастап Малайзияда 16 жасқа толмаған балаларға негізгі әлеуметтік желілерде парақша ашуға ресми түрде тыйым салынды.

Войдите, чтобы оставить комментарий