Талдықорғанда мас полицей жол көлік оқиғасына түсті
Талдықорғанда полиция қызметкері мас күйде ЖКО түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ ORDA.KZ-ке сілтеме жасап.
Билік өкілдерінің арасында көлікті ішімдік ішіп жүргізу оқиғалары жиілеп кеткен сыңайлы. Жақында ғана Талдықорғанда тағы бір полиция қызметкері осындай жайтпен көзге түсті.
Оқиға 2 қараша күні қалада болған. Талдықорған қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің қызметкері тізгіндеген көлік жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Салдарынан 60 жастағы әйел зардап шегіп, түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның денесінде сынық бар екенін анықтады.
Кейінірек анықталғандай, апатқа себепкер болған әйел адам полиция қызметкері екені белгілі болды және ол оқиға кезінде мас күйде болған. Бұл оқиғадан кейін тәртіп сақшысы ішкі істер органдарынан дереу қызметтен босатылды.
Бұл жағдай жақында ғана Астанада болған тағы бір шулы істі еріксіз еске салады.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қарашаға қараған түні елордада судья Әсел Досаева көлікті мас күйде басқарғаны үшін ұсталған еді. Сараптама оның қанынан алкоголь тапты, тіпті судьяның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені белгілі болды.
Алайда, бұл екі істің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Талдықорғандағы полиция қызметкерінен бөлек, судья Әсел Досаева жол-көлік оқиғасын жасамаған. Дегенмен, судьяға қатысты іс материалдары Бас прокуратураға жолданды. Ол жақтан құжаттар Жоғарғы Сот Кеңесіне беріледі. Судьяны заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесін енді осы кеңес шешетін болады.
Соңғы жаңалықтар