Талғардағы кісі өлімі мен адам ұрлау ісіне қатысты полицей жауапқа тартылуда

21.11.2025 09:21 Арман Ермеков
Талғардағы кісі өлімі мен адам ұрлау ісіне қатысты полицей жауапқа тартылуда
0
188
Фото: ҚР ІІМ

Алматы облысы Талғар ауданында болған жантүршігерлік қылмысқа — кісі өлтіру мен екі жасар қызды ұрлауға жол берген учаскелік полиция инспекторы жауапқа тартылуда. Бұл туралы прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшысы қызметіне салғырт қарап қана қоймай, қызметтік жалғандық жасаған. Оған Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша айып тағылып отыр. Анықталғандай, инспектор оқиғадан екі ай өткен соң, 4 қараша күні ішкі істер органдарынан қуылған.

Қанды оқиғадан үш күн бұрын учаскелік инспектордың қылмыстың алдын алуға мүмкіндігі болған. Жәбірленуші отбасының адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, 3 қыркүйекте үйге қарулы адам басып кіргенде полицей шақыртылған. Алайда инспектор қорғау нұсқамасын толтырғансып, әйелдің қолын өзі қойып жіберген.

«Сараптама қорытындысы құжаттағы қолдың жәбірленушіге тиесілі емес екенін, оның қолдан жасалғанын дәлелдеп берді», – дейді заңгер.

Ал қылмысқа басты күдікті ретінде танылған "Е" есімді азаматқа қатысты айыптау актісінің өзі төбе шашты тік тұрғызады. Ол бір емес, 11 бап бойынша, соның ішінде «Адам өлтіру», «Зорлау», «Адам ұрлау», «Алаяқтық» және «Қару сақтау» сияқты ауыр қылмыстармен айыпталуда. Оған көмектескен екі кәмелетке толмаған бала да тергеу изоляторында отыр.

Бұл қасіреттің алғышарты бір ай бұрын басталған екен. Қызыл Қайрат ауылының тұрғыны зорлық көргенін айтып, арызданған. Алайда полиция күдіктіні ұстауға асықпаған көрінеді. Тіпті, жәбірленушінің туыстары қылмыскерді өздері ұстап әкелген күннің өзінде, тәртіп сақшылары оны босатып жіберген.

Заң өкілдерінің жүрдім-бардым әрекеті 6 қыркүйек күні орны толмас қайғыға ұласты. Қаруланған қылмыскер сыбайластарымен бірге келіп, әйелдің 27 жастағы інісін атып тастады. Марқұмның артында жүкті әйелі мен үш баласы жетім қалды.

Қанішерлер мұнымен тоқтамай, үйден екі жасар қызды алып қашқан. Полиция ізіне түскенде, күдікті көлігімен бірге жардан секіріп кеткен. Абырой болғанда, кішкентай бүлдіршін аман қалды, оған ота жасалды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий