Балқашта құрылыс материалдарын параға алған шенеунік сотталды

Балқашта құрылыс материалдарын параға алған шенеунік сотталды
Фото: istockphoto.com

Балқашта қосымша жер телімін беруге келісім білдіргені үшін құрылыс материалдарын параға алған жер комиссиясының мүшесі мен пара берген ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот анықтағандай, ер адам басқа біреудің мүддесін білдіріп, қалалық жер қатынастары бөліміне қосымша жер телімін сұрап өтініш берген. Алайда комиссия мүшесі заң талаптарының бұзылғанын айтып, жер беруге қарсы болған.

Мұны білген ер адам шенеуніктен өтінішті қолдап, комиссия хаттамасына қол қоюды сұраған. Екеуі пара беруге келіскен соң әйел өзіне қажетті құрылыс материалдарының тізімін берген. 2023 жылғы 6 қарашада құрылыс материалдарын параға алып, жер телімін беру туралы хаттамаға қол қойған.

Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің жауабымен, сараптама қорытындыларымен және жасырын тергеу материалдарымен дәлелденген.

Прокурор әйелді 4 жылға, ер адамды 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұраса, қорғаушылар екеуін де ақтауды сұраған.

Сот шенеуніктің қабылдаған антын бұзғанын жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды. Дегенмен зейнет жасында екенін ескеріп, пара құнынан 50 есе көп айыппұл салды. Ал пара берген ер адамның кәмелетке толмаған балалары барын және I топтағы мүгедектігін ескеріп, пара құнынан 30 есе көп айыппұл тағайындады. Параның нақты құны жарияланбады.

Екеуі де мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, қаржы нарығын реттейтін мекемелерде, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Шымкентте Еңбек министрлігінің бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шыққан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу