Гинеколог: Эфирге 5 минут қалғанда ағамды пышақтап кетті

19.08.2026 22:01 Томирис САҒЫНДЫҚ
Гинеколог: Эфирге 5 минут қалғанда ағамды пышақтап кетті
74

Танымал гинеколог, гирудотерапевт Қамажай Нұратқызы түсірілім алаңына келген кезде ағасы туралы жайсыз хабарды естіп, абдырап қалғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол My ustaz подкастында әңгімеледі.

«Басымнан өткен бір ауыр жағдайды айтып берейін. Меруерттің мұрындық болуымен подкастқа шақырылдық. Қасымда Аиша да бар еді. Түсірілімге әзірленіп отырғанымызда, төменгі қабатта тұратын жеңгем тоқтаусыз қоңырау шала бастады. Мен аға, іні және сіңлінің ортасында өстім. Сондықтан жеңгемнің қоңырауын кейінге қалдырып, тұтқаны қоя салдым. Содан Аиша: «Бұлай істегенің дұрыс болмас. Тоқтамай хабарласып жатыр ғой, тұтқаны көтерсеңші» деді. Бұдан соң сіңлім хабарласты. Тұтқаны көтерсем, ол өкіріп жылап, боздап тұр екен. Үрейленіп қалдым. Тіпті «Ағам қайтыс болды ма?» деген сұмдық ой келді. Басым қатып, ештеңе түсінбей қалдым. Әкеміз ерте кеткендіктен, қыз бала үшін ағасы — ең басты қорғаны, әкесінің орнындағы панасы ғой», — деді Қамажай Нұратқызы.

Ары қарай ол телефон арқылы ағасы туралы ауыр хабарды естігенін еске алды.

«Сол сәтте не істерімді білмей, сүреңсіз күйде отырып қалдым. Сөйтсем, ағамды біреулер пышақтап кетіпті. Мойын артериясы зақымданып, ота үстелінде жатқан көрінеді. Оны пышақтаған — өзінің нашақор жұмысшысы. Арадағы келіспеушіліктен кейін үйдің алдына келіп, сұрапыл қастандық жасапты. Естігенде есеңгіреп қалдым. Мен не істей аламын? Ал подкаст алдын ала жоспарланған. Сәл уақыт сұрап, іштей күйзеліп отырдым. Астанадағы аға-курстастарыма хабарласып: «Мәселенің анық-қанығын біліп беріңіздерші» дедім. Олар ағамның қабылдау бөлмесінде жатқанын жеткізді. Сол кезде сәл сабырға келдім. Өйткені халі тым ауыр адамды қабылдау бөлмесінде ұстамайды ғой. Көп ұзамай досым хабарласып, оны отаға алып бара жатқанын айтты», — деді гинеколог.

Қамажай Нұратқызының айтуынша, ең ауыр сәттерде салауат айту өте қатты көмектеседі.

«Сол сәтте: «Я, Алла, ағаымды өзіңе аманат еттім, көмектесе көр!» деп жалындым. Егер ағама бірдеңе болса, анам бұл қайғыны көтере алмас еді. Әкеміздің қазасынан кейін анамыз үшін ең басты арқасүйеріміз — осы ағамыз еді. Осылайша дұға еттім де, түсірілімге кіріп кеттім. Негізі, сол кезде хирургтер «ота жасамаймыз, аман қалмайды» деп бас тартқан екен. Содан бір жас торакальды хирург тәуекелге бел буып, ота жасауға келісіпті. Ал мен сыртта отырып, тоқтаусыз салауат айттым. Себебі салауат айтып сұраған дұға қабыл болады деп сенемін. Аллаға жалбарынып, көмек сұрадым. Соның алдында ғана ағаммен кішкене ренжісіп, ауыр сөздер айтып қойған едім. Осы оқиға маған «ағаңның қадірін біл» деген сабақ сияқты болды. «Егер ағамнан айырылып қалсам, не істеймін?» деген қорқыныш биледі. Осылайша Аллаға тапсырып, подкастқа кірдік. Ота сәтті аяқталып, ағам реанимацияға ауыстырылды. Алаңдаған көңілмен отырсам да, ішкі әлсіздігімді білдірмей, ойымды толық жеткізе алмасақ та, подкастты аяқтап шықтық. Мүмкін, менің айтқан салауаттарым мен ерекше дұғамның себебінен жас хирург оны ота жасауға алған шығар. Өйткені тәжірибелі хирургтар мұндай ауыр отадан бас тартқан еді», — деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий