Дубай–Тель-Авив рейсіндегі төтенше жағдай: Екінші пилоттың кім екені айтылды
Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының рейсінде ұшақ командиріне пышақпен шабуыл жасады деген күдікке ілінген екінші ұшқыштың кім екені туралы жаңа ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
ABC телеарнасының дерегінше, күдікті 29 жастағы Оман азаматы Хамам әл-Хаммами болуы мүмкін.
Оқиға 30 қыркүйекте әуе кемесі ұшып бара жатқан кезде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екінші ұшқыш пен әуе кемесінің командирі арасында жанжал туындап, соңы шабуылға ұласқан. Сол сәтте ұшақ бортында 150-ден астам адам болған.
Бұған дейін күдіктінің Оман азаматы екені, ал зардап шеккен ұшақ командирінің Үндістаннан шыққаны хабарланған. Алайда Хамам әл-Хаммамидің күдікті екені әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Оқиғадан кейін ұшақ апаттық белгі беріп, Сауд Арабиясына шұғыл қонуға мәжбүр болған. Жергілікті БАҚ израильдік ресми тұлғаларға сілтеме жасап, төтенше жағдайға ұшқыштар арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін екенін жазды.
Оқиғаның нақты мән-жайы мен шабуылдың себебі анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар