Таразда ақша бопсалаған танымал блогер сотталды
Тараз қаласында спорт кешенінің басшысынан ірі көлемде ақша бопсалаған блогер мен оның сыбайластарына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Тараз қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қорқытып алу фактісі бойынша Абай Жүндібаев, Нұрболат Ахметжанов және Жанат Кенесариевке қатысты қылмыстық іс қаралды. 2025 жылдың ақпан айында сотталушылар Тараз Арена спорт кешенінің басшысы Жанат Бабаевтан Facebook әлеуметтік желісіндегі сыни жазбаларды өшіру үшін 2,5 миллион теңге талап еткен.
Жамбыл облысындағы шенеуніктердің жұмысы мен жемқорлық мәселелерін жиі көтеретін блогер Абай Жүндібаевтың парақшасында жарияланған бұл жазбаларда спорт кешені ғимаратының кемшіліктері айтылған болатын.
Қомақты қаражаттан бөлек олар бұрынғы қызметкерді жұмысқа қайта алуды және комплаенс қызметінің маманын жұмыстан шығаруды міндеттеген. Жанат Бабаев бұл талаптарға келісіп, Жанат Кенесариевке сұраған ақшасы мен екі дана жылдық абонементті табыстаған. Осы оқиғадан кейін 8 наурызда полиция қызметкерлері блогер мен оның сыбайластарын ұстады.
Сот отырысы барысында прокурор айыпталушыларды 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Абай Жүндібаев пен Жанат Кенесариев өз кінәларын мойындамай соттан ақтауды өтінсе, Нұрболат Ахметжанов қылмысын толық мойындап жеңілдеу жаза тағайындауды сұраған. Судья сотталушылардың бұрын сотты болмағанын және кәмелетке толмаған балаларының бар екенін жеңілдететін жағдай ретінде ескеріп үкім шығарды. Нәтижесінде Абай Жүндібаев 3 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оның екі сыбайласы, Нұрболат Ахметжанов пен Жанат Кенесариев 3 жылға бас бостандығы шектелді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар