Таразда екі адам антибиотиктен емшара бөлмесінде көз жұмды

Тараз қаласында медициналық емшара бөлмесінде орын алған қайғылы жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Екі ер адамның — 29 жастағы Исламек Үсенов пен 50 жастағы Ерлан Атабековтің — антибиотик егілгеннен кейін анафилактикалық шоктан көз жұмуы денсаулық сақтау саласындағы бақылау мен жауапкершілік мәселесін қайта көтерді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оқиға КТК арнасы арқылы жария болды.Исламек Үсенов темір жолда жұмыс істеген және сапарға шығар алдында тамағы ауырған соң ем қабылдауға барған. Дәрі-дәрмегі болмағандықтан, емшара бөлмесіндегі мейіргерлер өз бетінше инъекция жасап, нәтижесінде оның жағдайы күрт нашарлаған. Әкесі Темірхан Үсеновтің айтуынша, мейіргерлер сынама алмаған және препарат тағайындауға заңды құқығы болмаған. Кейін тексеріс барысында бұл емшара бөлмесінің лицензиясыз жұмыс істеп жатқаны анықталған. Соған қарамастан, ол әлі де жұмысын жалғастырып, науқастарды қабылдап жатқан көрінеді.
Араға бес күн салып дәл осы мекемеде Ерлан Атабеков те көз жұмды. Оның жұбайы Мөлдір Мекемтастың сөзінше, мейіргерлер анафилаксия кезінде алғашқы көмек көрсете алмаған. Сот-медициналық сараптама күйеуінің анафилактикалық шоктан қайтыс болғанын растаған.
Бұл жағдайлардан кейін қалада пандемия кезінде ашылған барлық емшара бөлмелері тексеріле бастады. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті инъекциялық процедураларға рұқсаты жоқ мекемелердің анықталғанын мәлімдеді. Көптеген емшара орындары жабылып, кейбіреулеріне жұмыс тәртібін қайта қарау туралы нұсқаулық берілген.
Қазіргі уақытта екі өлім оқиғасы бойынша "Абайсызда адам өліміне әкелген заңсыз медициналық қызмет" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Алайда нақты қай препараттың анафилаксия тудырғаны әлі анықталмаған.
Соңғы жаңалықтар





