Таразда оқушы төбелестен кейін көзінен айырылды
Тараз қаласындағы орта мектептердің бірінде үзіліс кезінде болған төбелесте 10-сынып оқушысы көзінен айырылды, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Жарақат алған жасөспірімге операция жасалған. Отбасының айтуынша, оның жағдайы өте ауыр.
Баланың анасы Зухра Каримованың сөзінше, дәрігерлер көзін қайта қалпына келтіруге тырысқан. Қазір алдағы он күн шешуші кезең болып отыр. Ол инфекцияның миға тарамауын тілеп, баласының миы шайқалып, контузия алғанын, көзінің қатты зақымданып, көз түбінің толықтай шыққанын айтты.
Оқиға ұлдардың киім ауыстыратын бөлмесінде болған. 15 жастағы Дамирді сол жерге 9-сынып оқушылары алып келген. Бейнебақылау жазбасында олардың әңгімесі бірден жанжалға ұласып, төбелеске айналғаны көрінеді.
Жәбірленушінің досы оған көмектеспек болғанымен, өзін ұстап қалғандарын айтады. Сол сәтте Дамирдің басынан соққы алғаны белгілі болды. Соған қарамастан, ол бөлмеден өз бетімен шыға алған.
Оқушыға ота жасалғанымен, кейін есінен танып қалған. Сондай-ақ, оны соққандардың қолында темір зат болғаны байқалған.
Аталған оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
«Ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталды, оны уақытша ұстау изоляторына қамау шаралары қабылданып жатыр», – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаменті.
Соңғы жаңалықтар